Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың мәліметінше, қалада 94 жоба іске асырылып жатыр
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалалық басқармалар мен коммуналдық мекемелердің басшыларымен кеңейтілген аппараттық кеңес өткізді. Жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджет қаражатына салынып жатқан нысандардың қазіргі жағдайы талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың мәліметінше, бүгінде қалада 94 жоба іске асырылып жатыр. Соның 32-сі іс жүзінде аяқталған. Тағы 28 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделсе, 34 жобаның құрылысы келесі жылы жалғасады.
Жобалардың басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Бұл бағытта 31 нысан қамтылған. Атап айтқанда, Зерделі және Саялы шағынаудандарында жаңа мектептер мен балабақшаның құрылысы аяқталды. Сонымен бірге бірқатар білім беру нысаны қайта жаңғыртылып, сейсмикалық тұрғыдан күшейтілді.
Денсаулық сақтау саласында 13 жоба қолға алынған. Олардың қатарында Алтай-1 және Шұғыла шағынаудандарында, сондай-ақ Әйтеке би көшесінде бой көтеріп жатқан, әрқайсысы ауысымына 500 адам қабылдайтын үш жаңа емхана бар. Бұған қоса екі перзентхананың жаңа ғимараттары салынып жатыр.
Қалада әлеуметтік осал топтарға және бюджет саласының қызметкерлеріне арналған тұрғын үй құрылысы мен баспана сатып алу жұмыстары да жалғасуда. Қалалық полиорталықтарда спорт, мәдени және әкімшілік нысандармен қатар жол инфрақұрылымы жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Шаһар басшысы жауапты басшыларға құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуын және нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе, дайындық деңгейі төмен, жұмысы баяу жүріп жатқан жобалардың қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматының туризм саласына салынған инвестиция рекордтық деңгейге жетті