Алматы әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жастар үшін мүмкіндіктерді кеңейту туралы айтты

17.12.2025 15:44

2025 жылы қалада 37,1 мың орынға арналған 22 білім беру нысаны салынды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Әкімнің айтуынша, білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. 2025 жылы қалада 37,1 мың орынға арналған 22 білім беру нысаны салынды. Бұл жобаларды іске асыру келесі оқу жылының басына қарай оқушы орындарының тапшылығын 29,7 мыңнан 3-4 мыңға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Алматы әкімі денсаулық сақтау саласының дамуына да тоқталды.

«2025 жылы бұл саланы қаржыландыру 25%-ға артып, 48,8 млрд теңгеге жетті. Жыл ішінде Алматыда медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 2 орталық және 1 емхана салынды. Бұдан бөлек, ауруханалар, перзентханалар, емханалар мен СПИД орталықтарын қосқанда, тағы 32 нысанды салу және жаңғырту жобалары пысықталып жатыр. Жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі 37%-ға жаңартылды», – деп мәлімдеді Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар Алматы әкімі Дархан Сатыбалды брифинг барысында айтылған қоғамдық денсаулық көрсеткіштеріндегі оң серпінге де ерекше тоқталды.

«Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ана өлімі 48,2%-ға, нәресте өлімі 5,4%-ға, ал онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 16%-ға төмендеді», – деді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, жастар саясаты да назардан тыс қалмады.

«Еліміздің болашағы – жаңа буын. Біз олардың білім алуына және жұмыспен қамтылуына айрықша мән береміз», – деді Дархан Сатыбалды.

2025 жылы Алматыда 11 комьюнити орталық және 4 «Narco-STOP» орталығы ашылды, сондай-ақ 33 демалыс орталығы жаңғыртылды. Студенттік жатақханаларда 8 мыңнан астам орын жасақталды. «Алматы жастары» бағдарламасы аясында білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, спорт және журналистика салаларында еңбек ететін мамандарды қосқанда, 2 200 адамға тұрғын үйге арналған несие берілді.

Сонымен қатар қалада 3 шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, көше спорт түрлеріне арналған 50 нысан салынды. Кешенді шараларды іске асыру нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 8,3%-дан 6,4%-ға дейін төмендеді, – деп мәлімдеді Алматы әкімі.

Оқи отырыңыз: «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттары аспалы жол арқылы біріктіріледі – Алматы әкімі