«Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттары аспалы жол арқылы біріктіріледі – Алматы әкімі

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жоба шетелдік туристер санын 1 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды туризмді дамытудағы негізгі қиындық – туристерге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігінен болып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Әкімнің айтуынша, Алматы тау кластеріне күн сайын келетіндердің саны оның бір мезетте қабылдай алатын шекті мөлшерінен көп. 2025 жылы Іле-Алатау ұлттық паркіне 901 мың турист келсе, «Шымбұлақ» курортына 1,1 млн адам барған. Демалыс және мереке күндері келушілер саны тәулігіне 15 мың адамға дейін жетіп, бұл трасса мен аспалы жолдарға шамадан тыс жүктеме түсіріп, қызмет көрсету сапасының төмендеуіне алып келеді.

«Осы мәселелерді шешу үшін «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын аспалы жол арқылы біріктіретін Алматы тау кластерін дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба шетелдік туристер санын 1 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді, ал қаланың экономикасына жыл сайынғы үлес 300 млрд теңге көлемінде кіріс әкеледі деп бағаланып отыр. Сонымен қатар Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жобаға 362 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылып, әуежайдың жолаушы қабылдау мүмкіндігі 19 миллион адамға дейін артады. Бұған қоса, қалада 3 664 нөмірге арналған қонақ үйлер мен туристік нысандарды салу бойынша 25 жоба жүзеге асырылып жатыр», – деді Дархан Сатыбалды.

Оқи отырыңыз: Экологиялық жобалар қала үшін басым бағыт болып қала береді – Алматы әкімі

Новости партнеров