Цирк, футбол академиясы, балаларға шұғыл көмек орталығы: Алматы әкімі бірқатар нысанды аралады

Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Қала басшысы Қазақ мемлекеттік циркі, Footlab футбол академиясы және Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Алматының жүрегінде орналасқан Қазақ мемлекеттік циркі - жарты ғасырдан астам тарихы бар мәдени ошақ, шаһар көркі. 1970 жылы құрылған мекемеде бүгінде түрлі қойылым қойылып, әртістер көрерменге шаттық сыйлауда. Алайда соңғы жылдары цирк ғимараты ескірген. Сондықтан мамандар қала әкіміне мекемеге күрделі жөндеу керек екенін айтып, қайта жаңғырту жобасымен таныстырды. Жоба көрермен залы мен манежді, инженерлік желілерді, жануарларға арналған бөлмелерді жаңартуды, сондай-ақ музейлік кеңістік құруды көздейді.

«Қазіргі таңда "ПС Акцент" компаниясы жобаны қолға алды. Алдағы уақытта күрделі жұмысқа қанша қаражат мөлшері кететіні алдағы уақытта белгілі болады. Қазірше жоба жүріп жатыр», - деді Қазақ мемлекеттік циркі директорының орынбасары Талғат Әміренов.

Бұдан кейін шаһар басшысы Криштиану Роналду франшизасы бойынша ашылған инновациялық футбол академиясына барды. Орталық тоғыз интерактивті стансамен жабдықталған және ай сайын мыңға жуық балаға жаттығу өткізуге мүмкіндік береді.

«Біздің Footlab академиямыз қазіргі таңда 300-ден астам баланы оқытады. Сонымен қатар қосымша арнайы бейімделу тобы бар. Мақсатымыз – спорт пен инновацияны біріктіре отырып, балаларды шынықтыру және спортты дамыту. Өйткені бүгінде ел футболы жоғары деңгейге көтеріліп жатыр. Біз балаларды сол деңгейге жеткізе білсек дейміз», - деді Футбол академиясының директоры Дінмұхаммед Бұрхан.

Қала әкімі Манас көшесінде орналасқан Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңартылған инфрақұрылымымен де танысты. Мұнда заманауи медициналық құралдар мен цифрлық басқару жүйелері орнатылған, ал аумақ абаттандырылып, қозғалысы шектеулі азаматтарға бейімделген. Дархан Сатыбалды мұндай жобалар қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту және алматылықтардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі екенін атап өтті.

Диана Тұрлыбек, Думан Дәулетбақұлы, Алишер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Алматы УЕФА Чемпиондар лигасының кезекті ойынын қабылдауға дайындалып жатыр

Новости партнеров