Елдімекендерді ауыз сумен қамту жобаларының бір бөлігі уақытында бітпеуі ықтимал
Елдімекендерді ауыз сумен қамтуға қатысты Президенттің тапсырмасы толық орындалмай қалуы мүмкін. Биыл жоспарға сай ел бойынша 291 жоба іске асырылуға тиіс еді. Алайда қырық алтысының құрылыс-монтаж жұмыстары 80 пайызға да жетпепті. Олар Алматы қаласы мен Абай, Ұлытау, Қостанай облыстарында екен. Мұндай мәліметті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазір 56 жоба қолданысқа берілсе, тағы 44-і пайдалануға беру актісіне қол қою сатысында тұр. Ал 183-інің жұмысы аяқталуға жақын. Елдімекендерді тіршілік нәрімен қамтуға биыл республикалық бюджеттен, ұлттық қордан және арнайы қордан 183 миллиард теңге бөлінген.
«Бұл 46 жоба бойынша жалпы қаражат толығымен қаралса да, 2025 жылдың соңына дейін аяқталмау қаупі бар. Алайда алдыңғы аптада мен аталған өңірлерге шығып, іске асырылып жатқан жобалар бойынша тиісті жұмыстармен таныстым, тапсырмалар да берілген болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қосымша адамдар, қосымша техника қосу сияқты мәселелер қаралған болатын», - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов.
Одан бөлек, енді жергілікті атқарушы органдар су тарифтерін өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне сәйкес өздері белгілейді. Қазір әкімдіктер халықтың қалтасына салмақ түсірмейтін төлем мөлшерін анықтау жұмыстарын қолға алған. Сондай-ақ жаңа ережеде бір адамға тәулігіне 140 литр су тұтыну нормасы белгіленген. Егер тұтынушы көрсеткіштен асқан жағдайда, артық пайдаланған су көлемі үшін 30 пайыз жоғары тарифпен төлеуге міндеттеледі. Жауаптылар бұл тәсіл суды үнемдеу үшін енгізілгенін айтып отыр.
«Сумен жабдықтау тарифтері өңірлерде әртүрлі және су көзінің түріне, оның қашықтығына, жүйелердің ұзындығына және көрсетілген қызмет көлеміне байланысты болады. Сонымен бірге, кейбір өңірлерде қызмет құны өте жоғары және халыққа қолжетімсіз. Республикадағы орташа тариф қалаларда 1 текше метр суға 100 теңге шамасында болса, ал ауылдарда 5 000 теңгеге дейін жетеді», - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков.
Оқи отырыңыз: Цирк, футбол академиясы, балаларға шұғыл көмек орталығы: Алматы әкімі бірқатар нысанды аралады