Алматы әкімі тұрғындардың өтініші бойынша тапсырмалар жүктеді
Кейбір мәселелерді шешуге үш апта, ал енді біріне бір ай мерзім белгіледі
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесіп, олар көтерген мәселелерді талқылады. Шаһар басшысы алдымен «Алтын Сити» тұрғын үй кешеніне барып, халықтың өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындар қоғамдық көлік, сумен және электр жарығымен қамту, аумақты көгалдандыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ кешенді салған құрылыс компаниясының жұмысына шағымданып, мердігерге қатысты шара қабылдауды сұрады, деп хабарлайды Almaty TV.
Тұрғындар кешен аумағын абаттандыру мен жарықтандыру мәселесіне де назар аударды. Бұған дейін кейбір инженерлік желілерді жоспарлы түрде қосу жұмыстары басталғаны айтылды.
Дархан Сатыбалды мердігер компанияға тұрғын үй кешеніндегі мәселелер толық шешілмейінше, қала аумағында жүргізіп жатқан өзге құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап етті.
Бұдан кейін қала әкімі «Кассина» тұрғын үй кешеніне барды. Тұрғындардың айтуынша, жаңа үйлер пайдалануға берілгенімен, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымға қатысты түйткілдер әлі де бар. Сонымен қатар кешеннің қазандығы мен сыртқы электр желілерін коммуналдық меншікке беру мәселесі көтерілді.
Қызмет көрсетуші компания өкілінің сөзінше, тұрғындарды кешен маңындағы ескі үйлердің жағдайы да алаңдатады. Олардың айтуынша, бұл аумақта қайыршылар көбейіп, қауіпсіздік мәселесі туындаған.
«Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе – тұрғын үй кешенінің айналасындағы ескі үйлер. Соның салдарынан мұнда қайыршылар көбейіп, қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық туындап отыр. Тұрғындар бұл мәселенің де назардан тыс қалмай, аумақтың тиісті деңгейде ретке келтірілуін сұрады», – деді қызмет көрсетуші компанияның өкілі Вадим Иванов.
Қала әкімі тұрғындардың өтінішін тыңдап, жауапты басқармалар мен мекеме өкілдеріне нақты тапсырма берді. Кейбір мәселелерді шешуге үш апта, ал енді біріне бір ай мерзім белгіледі.