Алматы әкімі Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті

31.10.2026 15:53

Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Әуезов ауданын аралады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Әуезов ауданын аралады. Сапар барысында жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауданның дамуы мен қала инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аудан тұрғындары күнделікті өмірде кездесетін бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, тұрғындардың өтініші аула мен қоғамдық аумақтарды көркейту, тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру, мектепке дейінгі білім беру нысандарын салу және басқа да мәселелерге қатысты болды.

Кездесуге тиісті басқармалар мен аудан әкімдігінің басшылары қатысып, тұрғындар көтерген мәселелерді қарастырды.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі зағип және көру қабілеті нашар балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатқа қосымша жатақхана мен асхана салу жұмыстарының барысымен де танысты. Жоба аясында 100 орындық жатақхана мен 200 орындық асхана салу көзделген. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар әкім Жұбанов көшесін көркейту және көгалдандыру жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Жалпы аумағы 8,2 гектар болатын аумақтағы жұмыс толық аяқталды. Жоба аясында балалар және спорт алаңдары жаңартылып, жаңа көше жиһаздары орнатылды, аумақ көгалдандырылды. Көркейтілген аумақта аудан тұрғындарының демалысы мен бос уақытын өткізуіне қолайлы жағдай жасалды.

Жұмыс сапарының соңында Дархан Сатыбалды тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне тұрғындардың өтінішін жан-жақты қарастырып, көтерілген мәселелерді шешу бойынша нақты шараларды айқындауды және олардың орындалуын бақылауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасының қаржысын бақылайтын комиссия құруды ұсынды

Толық көрсету