Алматы әкімі вьетнамдық инвесторлармен жаңа іскерлік ауданды дамыту жайын талқылады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Дархан Сатыбалды Алматының дамудың полиорталық үлгісіне көшіп жатқанын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Вьетнамның ірі инвестициялық тобына кіретін девелоперлік компанияның өкілдерімен кездесті. Кездесуде Almaty Downtown жаңа іскерлік ауданын дамытуға компанияның қатысу мүмкіндіктері қарастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесу барысында компанияның бас директоры Чан Тхи Ми Лок бастаған делегация тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандарын қамтитын көпфункционалды кешен салу жөніндегі ұсынысын таныстырды.

Жоба тұжырымдамасы тұрғын үйлермен қатар кеңселерді, сауда орындарын, білім беру және медициналық мекемелерді, спорт нысандары мен қоғамдық кеңістіктерді қамтиды. Сондай-ақ аумақты көгалдандыруға, жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыруға және қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге басымдық берілген.

Дархан Сатыбалды Алматының дамудың полиорталық үлгісіне көшіп жатқанын, соның аясында жаңа іскерлік орталықтар қалыптасатынын атап өтті. Солардың бірі Almaty Downtown болмақ.

«Көпфункционалды кешен салу жөніндегі бастамаңызды қолдаймыз. Өз тарапымыздан әкімдік жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді. Жобаны іс жүзінде іске асыру кезеңіне мүмкіндігінше тезірек көшеді деп сенеміз», – деді Алматы әкімі.

1996 жылы құрылған вьетнамдық компания жылжымайтын мүлік, қаржы, энергетика және қонақ үй бизнесі салаларында жұмыс істейді. Топтың инвестициялық портфелінде әлемнің 12 еліндегі 100-ден астам жоба бар. Компанияның Орталық Азиядағы ірі жобаларының бірі Бішкек қаласында жүзеге асырылып жатыр.

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында аллея көркейтіліп, саябақ жаңартылды