Алматы әкімі жылу беру маусымына дайындықты қатаң бақылауды тапсырды

26.09.2025 13:23

Дархан Сатыбалды жылумен қамтамасыз ету нысандарын тексерді

 

Алматы қаласының әкімі жылумен қамтамасыз ету нысандарындағы дайындықты қарап шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды Медеу ауданында орналасқан және 590 нысанды жылумен қамтамасыз ететін Оңтүстік-Шығыс аудандық қазандығының алдағы қысқа дайындығымен танысты. Негізгі отын түрі – табиғи газ, қуаты – 208 Гкал/сағ.

Бұдан кейін Алматы әкімі ЖЭО-2-ге барды. Бұл нысан қаланың ең ірі жылу көзі. Оның қуаты – 1411 Гкал/сағ. Жылудың үздіксіз берілуін 664 қызметкер қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда кәсіпорында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, дайындық деңгейі шамамен 80%. ЖЭО-2 өкілдері барлық жұмыс уақытында аяқталатынына сендірді.

Сонымен қатар Дархан Сатыбалды ЖЭО-1-дің жұмысымен танысты. Бүгінгі күні нысан толықтай газбен жұмыс істейді. Оның қуаты – 1203 Гкал/сағ. Кәсіпорын қаланың орталық және шығыс бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Мұнда 357 адам еңбек етеді. Жылумен қамтамасыз ету нысанындағы жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған, толықтай аяқталу мерзімі – 30 қыркүйек. Осыдан кейін ЖЭО-1 қыс мезгіліне толық дайын болады.

Алматы қаласының әкімі алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген мерзімді сақтауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Алматыда 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында ауа райы қандай болады