Мегаполисте ардагерге айрықша құрмет көрсетіліп жатыр
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Алматыда Отан үшін от кешкен ардагерлерге айрықша құрмет көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков майдангер Дарбала Жабатаеваны құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен қала әкімінің арнайы сәлемдемесін жеткізді. Оған “Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 80 жыл” төсбелгісі табысталды.
Соғыс ардагері Дарбала Жабатаева небәрі 16 жасында майданға аттануға бел байлап, ерікті түрде өтініш берген. Ел тағдырына бейжай қарай алмаған батыр қыз тіпті ата-анасының рұқсатын күтпестен соғысқа аттанған екен. Майдан шебінде ол жау әскері жайлы маңызды ақпаратты, фашистердің саны мен атыс нүктелерін анықтап, дер кезінде штабқа жеткізіп отырған.
«Бұл тарихи күнді осылай еліміз бойынша ұлықтап атап өтіп жатқанына ризамын. Мен өзім майданда болдым. Елімізде аманшылық болсын, еш соғыс болмасын, ұрпағымыз еш жамандық көрмесін”, - дейді ҰОС ардагері Дарбала Жабатаева.
«Анамызды мақтан тұтамыз. Ол 1943 жылы майданға өз еркімен сұранды. Оған дейін де, 14 жасында барғысы келген кезде алмаған екен. Алдымен радиобайланысшының оқуын оқытқан. Содан соң Польшадағы қалаларды азат етуге атсалысты», - дейді Д. Жабатаеваның қызы Сәуле Жанабайқызы.
Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады