Almaty Marathon 27 қыркүйек өтеді
Almaty Marathon-ға үш аптаға жетер-жетпес уақыт қалғанда, Терренкурда Орталық Азиядағы ең ірі жүгіру шарасының 15 жылдығына арналған мурал ашылды. Жұмысты Repas граффити-командасы салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Терренкур мурал үшін бекер таңдалған жоқ: бұл – Алматыдағы жүгіру, спортпен шұғылдану және белсенді серуендеу үшін ең танымал орындардың бірі. Жұмыс әл-Фараби даңғылының астындағы тоннельде орналастырылды. Мурал Almaty Marathon-ның мерейтойлық науқанының бір бөлігіне айналып, марафонның қаламен тығыз байланысын айқындай түсті.
Almaty Marathon 27 қыркүйек өтеді және 60-тан астам елден 16 мың қатысушыны жинайды. Бағдарламаға 42,2 км марафон, 21,1 км жартылай марафон, 10 км жүгіру және скандинавиялық жүріс, сондай-ақ командалық Экиден эстафетасы кіреді. Сөреге шығуды жоспарлағандар әлі де 42,2 және 21,1 км қашықтықтарына almaty-marathon.kz сайтында тіркеле алады.
Биыл ұйымдастырушылар барлық қашықтықтардың бағыттарын толық жаңартты. Қатысушылар Абай алаңынан басталып, Республика алаңында мәреге жетеді. Марафон қашықтығы алғаш рет бір айналыммен өтеді –мұндай формат көптеген ірі халықаралық жарыстарда қолданылады. Бағыт Алматының орталық көшелері мен тарихи бөлігін қамтиды. Барлық қашықтық World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.
Almaty Marathon-ның арнайы қонағы – 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы әрі Жапонияның ең танымал марафоншыларының бірі, жапондық желаяқ Юки Каваучи. Алдағы жарыс ол үшін Орталық Азиядағы алғашқы марафон болмақ.
Almaty Marathon 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашқы қайырымдылық жүгіруіне 2 500 адам қатысты. 15 жыл ішінде қатысушылар саны алты еседен астам өсіп, марафон Қазақстанда бұқаралық жүгірудің дамуына ықпал еткен негізгі жобалардың біріне айналды.
Жыл сайын сөрелік жарналардың бір бөлігі әлеуметтік және медициналық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. 2012 жылдан бері «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры жалпы құны 500 млн теңгеден асатын 30-дан астам осындай бастаманы жүзеге асырды.
Almaty Marathon-ның 2026 жылғы ұраны — Start Your Legacy. Ұйымдастырушы — «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Оқи отырыңыз: Қала күні: Алматыда 300-ден астам мерекелік іс-шара өтеді