Мәселені шешудің бір жолы – су ресурстарын ғылыми тұрғыда зерттеп, тиімді басқару
Суды тиімді пайдалану – бүгінде әлем үшін өзекті мәселенің бірі. Қазақстан да бұл үрдістен тыс емес. Климаттың өзгеруі, су тапшылығының күшеюі табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауды талап етеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Су – табиғаттың ғана емес, экономиканың да негізгі ресурстарының бірі. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, энергетика мен халықтың тұрмысы сынды маңызды салалар су қорына тікелей байланысты. Демек су – елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық ресурс. Бүгінде әлемде климаттың өзгеруі мен су тапшылығы мәселесі күшейіп келеді. Бұл Қазақстан үшін де маңызды сын-қатер. Ғалымдардың айтуынша, мұндай жағдайда суды тек тұтыну нысаны емес, қорғауды қажет ететін стратегиялық ресурс ретінде қарау маңызды.
«Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі – ол су ресурстарының көлемін арттыру емес, су үнемдеу технологиясын енгізу, су ресурстарын тиімді басқару, ирригациялық инфрақұрылымдарды жаңғырту, су есебін цифрландыру», – деді ҚазҰАЗУ профессоры, техника ғылымдарының докторы Әлия Қозыкеева.
Мәселені шешудің бір жолы – су ресурстарын ғылыми тұрғыда зерттеп, тиімді басқару болса, екіншісі – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Өйткені заң мен технология қанша жерден жетілдірілгенімен, табиғи ресурстың құндылығын әр адам түсінбейінше, тұрақты нәтиже қалыптастыру қиын. Ал экологиялық мәдениет – бір күнде қалыптасатын ұғым емес. Ол баланың табиғатқа деген көзқарасынан, алған білімінен және қоршаған ортаға жауапкершілігінен басталады.
«Жастардың арасында ең керек базалық мәдениет жойылып бара жатыр. Бұл – алаңдатарлық мәселе. Сондықтан мемлекеттік деңгейде балабақшаның тәрбие жұмысы жүйесіне, мектептің оқу жүйесіне экологияны қорғау мәдениетін, бағдарлама енгізген дұрыс шығар деп есептеймін», – деді ҚазҰАЗУ «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қанат Әнуарбеков.
Сондықтан жас ұрпаққа су ресурстарының маңызын түсіндіру – бір күннің ғана емес, келешектің де мәселесі. Демек мектеп қабырғасынан басталатын экологиялық пәндер, ғылыми жобалар, жастардың табиғатты қорғау бастамалары мен ақпараттық науқандар осы түсінікті қалыптастырудың тиімді құралдары бола алады.
Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керек: алматылықтар тегін курс оқып жатыр