Ата-аналар мектеп өмірімен танысты
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Алматыдағы №181 жалпы білім беретін мектепте дәл осындай атаумен іс-шара өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Кездесу барысында ата-аналар пән мұғалімдерімен тілдесіп, өз сұрақтарын қойып, оқу процесінің мазмұнын талқылады. Сонымен қатар мектептегі үйірмелер мен ғылыми жобалар көрмесі, робототехника бағытының жұмысы көрсетілді. Оқушылар өз қолдарымен құрастырған смарт-жобаларын таныстырып, заманауи технологияларға қызығушылығын білдірді.
«Пән мұғалімдерінен балаларымның бағасына, тәртібіне қатысты көкейімде жүрген барлық сұрақтың жауабын алдым. Мұғалімдер өте жақсы дайындықпен келген. Жылы шыраймен қарсы алды», - дейді ата-ана Айнұр Өміржанова.
Бұдан кейін ата-аналар назарына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» қойылымы ұсынылды. Ал ұстаздар мектеп ауласына гүл егіп, оқушылар мен ата-аналарды экологиялық іс-шараға белсене қатысуға шақырды.
Айта кетейік, Алатау ауданында мұндай жиындар жыл сайын өткізіледі.
«Балалардың мектептегі әрбір күнінің қуанышты, көңілді өтуіне біз, ұстаздар, көп жағдай жасап отырмыз. Ата-аналарымыз пәндер бойынша балалардың жетістіктерімен, үйірме жұмыстарымен, қосымша жүргізетін жұмыстарымен таныса алады», - деді №181 жалпы білім беретін мектеп директоры Жеңіскүл Сатаева.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ғылымының 35 жылдық жетістігі: тәуелсіздікпен бірге өркендеген сала