Елімізде ғылымды қаржыландыру 3,3 есеге өскен
Ел дамуы мен өркендеуінің өзегі ғылым-білім екенін әлем әлдеқашан мойындаған. Мемлекетіміздің Тәуелсіздігі туралы декларация осыдан 35 жыл бұрын қабылданған еді. Сол уақыт аралығында аталған сала ауыз толтырып айтарлықтай жоғары жетістікке жетті. Бұл оң өзгерістің барлығы да тәуелсіздіктің жемісі екені анық. Ғылым саласындағы серпілістер жайлы Аlmaty.TV тілшісі Гүлмарал Изатқызы айтып береді.
Ғылым арқылы өркениетті елдер деңгейінде өркендеуге ден қою – алда тұрған маңызды міндеттің бірі. Соңғы онжылдықта еліміз ғылымның түрлі саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан ғарыштық зымырандарды ұшыру алаңы ретінде танымал екені мәлім. Мақтанып та, марқайып та айтатын Байқоңыр - ел ғылымындағы оң серпілістің бірі. Себебі, 2019 жылы мұнда Қазақстанның тұңғыш ғарыш аппараты сәтті ұшырылып, еліміздің ғарыштық зерттеулерінің жаңа дәуірін ашты.
Қазақстан медициналық және денсаулық сақтау саласындағы ғылымға да елеулі үлесін қосты. Күллі әлем аурумен арпалысқанда отандық ғалымдар QazCovid-in аталатын вакцина әзірледі.
«Жас ғалымдардың әзірлеуімен аллергиялық, жусаннан, өсімдіктіктерден болатын аллергияға қарсы вакцианалар даярлануда. Нановакциналардың әлемде теңдесі жоқ. Кванттық офтальмолог-ғалым Мұхит Құлмағамбетов туралы айтуға болады. Ол қазір Гонконгта Нобель сыйлығының лауреанттарымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Мұхит Құлмағамбетов – көзді емдеу бағытында жасанды интеллектіні пайдаланып, ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген біздің отандасымыз», - деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Әлиханов.
Бүгінде елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 400-ге жуық ұйым бар екен. Сондай-ақ, оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосуда. Одан бөлек, жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан қолдау мен демеу саланың қарыштап дамуына оң серпін беріп келеді. Сандарға сенсек, бүгінде елімізде 22 мыңнан астам ғалым болса, соның 40 пайызы жастар екен.
«Жаңадан келген жас ғалымдарды қолдау мақсатында үш жылдық гранттар беріледі. Ол гранттарға конкурспен қатысады. Жас ғалымдар сол гранттарды ұтып алған соң 3 жылдай зерттеу жасайды. Одан бөлек, жас ғалымдардың шетелден тағылымдама алуына арналған «500 ғалым» жобасы бар. Бұл да әлемнің белді ғылыми орталықтарына жас ғалымдар барып, кәсіби біліктілігін арттырып келіп, ғылымға өзіндік үлесін қосуда», - деді ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Білім және қоғамды дамыту орталығының директоры Жеңісбек Төленов.
«Қазіргі заман тұрақсыз болса да, бәріміз жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Жолдауында айтқаны. Жаһан жасанды жады дәуіріне қадам басқан тұста біздің мемлекет те үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек дегенді алға тартты.
«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда ғылымды қаржыландыру 3,3 есеге өскен. Бұл 809 ғалымды әлемнің жетекші орталықтарына тағылымдамаға жіберуге және материалдық-техникалық базаны жаңартуға мүмкіндік береді екен.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 26 млн тоннадан астам астық жиналды