Шаһарда Бас жоспарды түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылау басталды
«Алматы метросы тек қала емес, іргелес жатқан елдімекендерге де жетеді». Бұл туралы Алматы Бас жоспар ғылыми зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас жоспарды қайта қарауға Мемлекет басшысының тау бөктері аумағында құрылыс жүргізуге тыйым салу жөніндегі тапсырмасы негіз болған. Оның аясында жобада Талғар тас жолынан, Шығыс айналма автожолынан, әл-Фараби даңғылынан, Саин мен Жандосов көшелерінен оңтүстікке қарай жаңа көппәтерлі тұрғын үй салуға және беткейлерде құрылыс жүргізуге тыйым салу нормасы бекітілді. Бұл шаралар тау бөктерін қорғауға бағытталған.
«Тау бөктерінде құрылыс жүргізуге тыйым саламыз. Ол тау кластерін, заманауи туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экожүйеге түсетін жүктеме азаяды», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов.
Сондай-ақ жиында полиорталықтарды дамыту туралы баяндалды. Жобаны жүзеге асыру қала аумақтарын бірдей дамытуға, тарихи орталыққа түсетін жүктемені азайтуға және барлық аудандағы өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Ал басымдық «Шығыс қақпасы» және «Батыс» полиорталықтарын қалыптастыруға беріледі.
«Әлемдік практиканы қарайтын болсақ, Парижде бас жоспар бар, Мадрид қаласы, үлкен мегаполистер тура осындай тұрақты дамыған. Мәселелерді полиорталықтарды дамыту арқылы шешкен. Орталықтағы жұмыс орындарын, қаланың ішіндегі өндірістерді барлығын қаланың сыртына қарай шығару мәселесі де көмектеседі», – деді Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының ректоры Бақтияр Сәбденәлиев.
Айта кетейік, Бас жоспардың түзетілген жобасы бір ай бұрын Сәулет және құрылыс басқармасының сайтына қоғамдық талқылау үшін жүктелген. Соның аясында сауалы туындаған тұрғындар бүгінгі жиынға қатысып, аталған құжатқа қатысты мәлімет алды. «Алматыбасжоспар» ғылыми зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов әрбір өтініш жіті қаралатынын айтып, сұрақтың сипатына қарай жауап телефон немесе электрондық пошта арқылы жолданатынын жеткізді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда құжатты одан әрі жетілдіру барысында алматылықтардың ұсынысы ескеріледі.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматының Бас жоспарын түзетуде агломерацияның дамуы ескеріледі