Туындылар Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының қорынан алынған
Наурыз мейрамына орай Алматы метросы қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мәдени алаңға айналды. Бүгін «Мұхтар Әуезов атындағы театр» бекетінде қазақ халқының ұлы тұлғаларын дәріптейтін ерекше фотокөрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда ұсынылған туындылар Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының қорынан алынған.
Айта кетейік, метро жолаушылары көрмені күнделікті сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін тамашалай алады.
«Музейдің тарихы тереңде жатыр. Метроға көрме ұйымдастырып отырмыз. Егер домбыралардың түпнұсқасын көргілеріңіз келсе, музейдің есігі кешкі 19:00-ге дейін ашық», – деді Ы. Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының қызметкері Ұлбосын Ерболатқызы.
Ал «Байқоңыр» бекетінде қазақ халқының дәстүрлі ойындарына арналған фотосуреттер қойылды. Сонымен қатар күй мен жырдан шашу шашылып, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ұлттық аспаптардың үнімен тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған мәдени бастама 25 наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында метрополитеннің бес бекетінде түрлі театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, жолаушылар өнерпаздардың өнерін тамашалай алады.
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» мен «Алматы әуендері» мекемесінің атынан метро бекеттерінде фотокөрмелер және концерттік бағдарлама ұйымдастырып жатырмыз. Наурызнаманың 10 күндігін жақсы көңіл күйде атап өтуге ат салысып жатырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Наурыз құтты болсын!» – деді Райымбек батыр музей кешенінің жетекшісі Қайсар Бусбаев.
Оқи отырыңыз: Әз-Наурыз: Алматыда коммуналдық қызметкерлер марапатталды