Биыл билеттерді сату арқылы түскен табыс көлемі 60 миллионды құрады
Елдегі туризмі түлеген шаһарлардың көш басында, әрине, Алматы тұр. Мәдени астанаға арнайы ат басын бұратындардың көбі мұндағы музейлерге табан тірейді екен. Мәселен, былтыр мегаполистегі мұражайларға 140 мыңнан аса адам барған болса, биылғы 9 айдың ішінде 120 мың адам бас сұққан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Еліміздің мәдениет ошағы саналатын Алматы мұражай мен театрға бай екені рас. Өзіндік ерекшеліктері бар мәдени орындар бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті мекеніне айналған. Соның бірі – Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары құрылған мұражайда 50-ге жуық елдің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1000-нан астам экспонат бар. Мұндағы залдарда қойылған аспаптардың дауысын тыңдау мүмкіндігі де қарастырылыпты.
Әрқайсы тарихтан сыр шертетін бұл жәдігерлер арқылы әр кезеңнің қоғамдық өмірінен хабардар болуға болады. Сондықтан да болар, мұражай – отандастарымыз бен туристердің жиі бас сұғатын орны.
«Қазақстанға келіп, бүгін осы музейге жолымыз түсіп, ерекше әсерде болып тұрмын. Мұнда бұрын-соңды білмеген көптеген аспаппен танысып жатырмыз. Тек қазақ ұлтының ғана емес, барлық дерлік ұлттардың аспаптары бір жерде жиналғаны таң-тамаша қалдырды», - деді турист Юн Ганг.
Қала тұрғындары мен қонақтары ерекше қызығушылық танытатын тағы бір орын – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 24 жыл тұрған мемориалды пәтер-мұражайы. Төрт бөлмеден тұратын пәтер үй иесінің көзі тірісінде тұрған қалпында ұсынылған. Сыры кетпеген жиһаздар мен тұрмыстық заттар да сол кезеңнен сыр шертетіндей.
Дінмұхамед Қонаевтың мұражай-үйіндегі ең ерекше орын – оның жұмыс кабинеті. Мұнда оттық жинауға құмар болған тұлғаның коллекциясы бар. 500-ге жуық оттықтың біразы шетелдік мемлекеттің басшыларының, құрметті азаматтарының сыйлығы. Сондай-ақ кабинеттегі таңдандырмай қоймайтын жалпы саны 5 мыңнан аса кітап әлі күнге дейін сақтаулы.
«Күніне 70-80 адам келеді. Ал сәрсенбі-сенбі күндері 300 адамнан асады. Себебі ол күндері пәтері жұмыс істейді. Мына экспонаттарды біз өзіміз тазалаймыз. Неге? Себебі, бұлар – құнды заттар. Басқа адамдар қолынан түсіріп алуы мүмкін», - дейді Д. А. Қонаев мұражайының жетекшісі Елена Кубашева.
Оңтүстік астанаға табан тіреген туристердің тағы бір сүйікті орны - Алматы қаласының тарихи мұражайы. Себебі бұл музейде шаһардың өткен өмірімен толық танысып, жәдігерлерді тамашалауға болады. Айта кетейік, жыл басында кәмелет жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер үшін бірлестіктегі музейлерге кіру тегін болады деген шешім қабылданған еді.
«2022 жылы 82 мың адамға жетсе, 2023 жылы 141 мың адамды құрады, биыл тек тоғыз айдың ішінде 120 мың адам келіп отыр. Яғни, сәйкесінше табыс көлемі де ұлғайып отыр. Мәселен, 2019 жылы табыс көлемі 18 миллион болса, биыл тек 9 айдың өзінде билеттерді сату арқылы түскен табыс көлемі 60 миллионды құрады», - деді қалалық музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
«Бірінші кезекте, әрине, туристердің талғамына мән береміз. Қалалық музейлер бірлестігімен қатар, ұлттық және министрлікке қарайтын мұражайлар да жоғары сұранысқа ие екені анық. Алматы өзін ішкі нарықта ғана емес, халықаралық нарықта да туристік бағыт ретінде белсенді түрде танытуда», - деді Алматы туризм бюросының басшысы Камила Лұқпанова.
Бірлестіктің сайтында билеттерді онлайн сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Келешекте музейлер бірлестігі туристердің көбеюіне байланысты аудиогидтерді 15 тілде ұсынуды жоспарлап отыр.
Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Инклюзивті білім беру: Алматыда балабақша педагогтары үшін арнайы курстар басталды