Алматы полициясы зейнеткерлерді алаяқтардан қорғау жолдарын түсіндірді

04.10.2024 17:25

Шаһарда қарт адамдарға қатысты алаяқтық жиілеп кетті

elements.envato.com

Алматы полициясы зейнеткерлерді алаяқтардан қорғау жолдарын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда қарт адамдарға қатысты алаяқтық жиілеп кетті. Көбінесе бұл алаяқтық құрбандардың үйіне немесе телефондарына қоңырау соғу арқылы болады.

«Көбіне алаяқтардың айласына егде жастағы азаматтар түсіп қалады. Қаскөйлер оларды тез алдауға болатынын біледі. Алдаудың бірнеше танымал тізбектері бар. Біз оларды арнайы брошюралар мен жадынамаларда көрсеттік. Саябақтарда, алаңдар мен зейнеткерлер жиі баратын орындарда ақпараттық парақшаларды тарату арқылы профилактикалық науқан жүргізіп жатырмыз», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Алматы полициясы азаматтарды абай болуға, күмәнді қоңырауларға сенбеуге, эмоцияға берілмеуге, жақын туыстары туралы ақпарат бермеуге және егде жастағы азаматтарды алаяқтықтың түрлері туралы ескертуге шақырады.

Оқи отырыңыз: Көшеде түкіріп, темекі тұқылын тастайтындар қанша айыппұл төлейді