Шахматшы қыздың жеңісті жолы: Almaty TV-де жаңа телехикая көрсетіледі

04.10.2024 19:54

Сериал 7 қазаннан бастап көгілдір экранға жол тартады

Almaty TV арнасы көрермен назарына «Шахматшы қыз» жаңа телехикаясын ұсынады. 7 қазаннан бастап көгілдір экранға жол тартатын сериал – кәсіби гроссмейстер болуды арман еткен жасөспірімнің өмірін баяндайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Телехикаяның басты кейіпкері Айсұлу – әлем чемпионы болуды мақсат тұтқан талантты шахматшы. Туынды жасөспірімнің зияткерлік ойынға деген сүйіспеншілігін, жетістік жолындағы қиындығы пен кедергілерін боямасыз баяндайды. Ал шығармашылық ұжымның басты мақсаты – интеллектуалдық ойынды дәріптеп, жастарды ізгілікке баулу.

«Телехикаяда мен Айсұлу деген қызды ойнаймын. Айсұлу – өте ақкөңіл, алдына мақсат-арман қойса, соған ұмтылып, жетпей қоймайтын қыз. Осы сериалға мені режиссер Жасұлан Пошановтың өзі шақырған еді», - дейді актриса Малика Бораева.

Көрерменге қызығы мен қиындығы мол шахмат әлемін таныстыратын жаңа туынды көпшілікті бірден баурап алады. Жоба режиссерінің айтуынша, халықаралық турнирге дайындалып, жүлделі болу үшін талпынған жас арудың телехикаядағы өмірі ешкімді бей-жай қалдырмайды.

«Кейіпкерлер нағыз өмірден алынған. Жанрын биографиялық драма деп айтуға болады. Актерлер құрамында Малика Бораева, Меруерт Тәжібаева, тағы басқа да танымал әртістер бар», - деді режиссер Жасұлан Пошанов.

Жаңа туынды 7 қазаннан бастап «Алматы» телеарнасынан дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 17:40-та көрсетіледі.

Айта кетейік, телехикая 10 бөлімнен тұрады.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек, Almaty TV арнасы

Оқи отырыңыз: Жаңа маусым: Almaty TV-де «Ақбесік» телехикаясы эфирге шығады