Алматы ресми түрде World Craft City мәртебесіне ие болды

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Іс-шара 4 қазанда Республика сарайының алдындағы Абай алаңында басталған ALA CRAFT 2025 халықаралық фестивалі аясында өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

5 қазан күні Алматы қаласына World Craft City – әлемдік қолөнер қаласы ресми мәртебесін беру салтанатты рәсімі өтті. Бұл шешім Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі (World Crafts Council) тарапынан қабылданып, Алматының мәдени мұраны сақтау, қолөнер дәстүрлерін дамыту және креативті экономиканы қолдаудағы үлесін мойындау ретінде бағаланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара 4 қазанда Республика сарайының алдындағы Абай алаңында басталған ALA CRAFT 2025 халықаралық фестивалі аясында өтті. Фестиваль Қазақстан, Азия, Еуропа, Аустралия және АҚШ-тан келген 100-ден астам шеберді жинап, қолөнер саласындағы Орталық Азиядағы ең ірі мәдени оқиғаға айналды.

«Алматының World Craft City мәртебесіне ие болуы – маңызды жетістік. Бұл атақ қаланың халықаралық беделін арттырып, Алматыны креативті индустрия мен мәдени туризмнің орталығы ретінде танытады. Ол бізге қолөнер дәстүрлерін әлемдік деңгейде ілгерілетуге, білім беру бағдарламаларын, шеберлерге арналған халықаралық резиденцияларды дамытуға және қаланың экономикасына кіріктірілген тұрақты қолөнер экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті қалалық Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша президенті Джуд ван дер Мервенің айтуынша, World Craft City мәртебесі Алматыға халықаралық мәдени ынтымақтастық пен шығармашылық индустрияны дамыту саласында жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Алматыға World Craft City мәртебесін беру туралы шешім оның қолөнер өнерін және халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін мойындау болып табылады. Мұнда шеберлерге белсенді қолдау көрсетіліп, дәстүрді сақтау мен жаңа буынға жеткізуге жағдай жасалған. Бұл Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің миссиясына толық сәйкес келеді», – деді Джуд ван дер Мерве.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға 1,14 млн турист келген, оның ішінде 323 мыңы – шетелдік қонақтар. World Craft City мәртебесінің берілуі және ALA CRAFT 2025 фестивалінің өтуі Алматының Орталық Азиядағы туристік және мәдени орталық ретіндегі имиджін нығайтып, креативті экономика саласына туристердің, зерттеушілер мен инвесторлардың қызығушылығын арттырды.

Фестивальдің ерекше оқиғасы әлемдік рекордтың орнатылуы болды. Қазақстандық қара күш иесі, төрт дүркін әлем рекордшысы және Гиннестің рекордтар кітабының иегері Сергей Цырульников бірегей күштік шоу көрсетіп, Global Book of Records кітабы бойынша жаңа рекорд орнатты. Ол бір минутта тоғыз аттың тағасын майыстырып, алдыңғы әлемдік көрсеткіштен үш есе асып түсті. 

Бұл жетістік күштің, ерік-жігер мен шеберліктің символына айналып, Алматының рекорд орнатып, әлемдік деңгейдегі бастамалар жүзеге асатын қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан білім жүйесінде ілгеріледі: Халықаралық бағалау нәтижелері жарияланды

Новости партнеров