2026 жылы 7-10 сәуір аралығында Алматы Азиядағы басты шахмат орталығына айналып, жаңа жаһандық турнирлік циклге ресми түрде старт береді. Мұнда FIDE мен Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (ISCF) ұйымдастыратын, Freedom Holding Corp. бас серіктестігімен өтетін World Schools Team Championship 2026 турнирінің азиялық кезеңі басталады. Бұл осындай форматта тарихта тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыс, деп хабарлайды Almaty.tv.
2026 жылы төрт құрлық — Африка, Америка, Азия және Еуропа іріктеу кезеңдерін өткізеді. Әр құрлықтағы жеңімпаздар желтоқсан айында өтетін Гранд-финалда бас қосып, мектеп командалары арасындағы әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Осылайша, жалпы турнирлік циклдің шымылдығы Алматыда түріледі.
Азия кезеңіне 19 елден 26 команда қатысады. Қатысушылар қатарында Австралия, Бангладеш, Гонконг (Қытай), Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Жаңа Зеландия, Пәкістан, Ресей, Сингапур, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Филиппин және Шри-Ланка бар.
Азия кезеңін Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (ISCF) және оның президенті Тимур Турловтың басшылығымен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырады.
Жарысқа 8-14 жас аралығындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары қатысады. Шахмат академиялары, мамандандырылған клубтар және бірнеше мектептен жиналған құрамаларға қатысуға тыйым салынған. Әр команда төрт негізгі ойыншыдан және бір қосалқы ойыншыдан тұрады. Міндетті талаптың бірі — команда құрамында кемінде бір ұл және бір қыз болуға тиіс.
Қазақстан атынан үш команда сынға түседі. Қазақстан намысын Азия кезеңінде үш команда қорғайды:
Ұлттық іріктеу кезеңі 14-15 наурызда Астанада өтті. Оған елдің 23 үздік мектеп командасы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Азия кезеңінде Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болды.
Турнир 8 турдан тұратын швейцар жүйесі бойынша өтеді. Күн сайын екі турдан ойнатылады. Уақыт бақылауы: әр партияға 45 минут, әр жүріске қосымша 10 секунд. Ұпай есептеу жүйесі: жеңіс үшін — 2 ұпай, тең ойын үшін — 1 ұпай беріледі.
Негізгі жарыс бағдарламасынан бөлек, ұйымдастырушылар мазмұнды мәдени-танымдық және білім беру бағдарламасын дайындаған. Бұл турнирді нағыз балалар шахмат фестиваліне айналдырады. Бағдарлама аясында: балаларға арналған ойын-сауық және танымдық шебердің сабақтары, ата-аналар мен жаттықтырушыларға арналған жетекші гроссмейстерлердің дәрістері, мұғалімдер мен ата-аналарға арналған білім беру сессиялары, Duolingo India-мен бірлескен әлеуметтік жоба, оның аясында Үндістанның әлеуметтік осал аудандарынан келген қыздар командасына Wild Card беріледі, Quantum Chess бойынша көрсетілімдер, қала бойынша экскурсиялар, QJ League және Footlab футболшыларымен бірлескен жаттығулар, сондай-ақ қазақтың ұлттық дәстүрлерімен таныстыру бағдарламасы өтеді. Қатысушыларға «Асық ату» ойыны көрсетіліп, дәстүрлі тәттілерді дайындау бойынша аспаздық шебердің сабағы ұйымдастырылады.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен турнир қатысушылары Алматы планетарийіне барып, Көктөбеге көтеріліп, оңтүстік астанамен жақынырақ танысады.
2026 жыл FIDE мен ISCF тарапынан Білім берудегі шахмат жылы деп жарияланды. Бұл шахматтың: сыни ойлауды, стратегиялық пайымды, зейінді шоғырландыруды, есте сақтауды, тәртіпті және командалық жұмыс дағдысын дамытудағы рөлін айқындайтын жаһандық бастама. Қазақстан Республикасының Президенті де шахматты мектеп біліміне енгізуге ерекше мән беріп, оны интеллектуалды ұлт қалыптастырудың маңызды құралы ретінде қарастырады.
World Schools Team Championship 2026 — бұл жай ғана жарыс емес, балаларға арналған үлкен зияткерлік мереке. Бұл қызықты партиялар, құрлықтың түкпір-түкпірінен келген жаңа достар, ұмытылмас әсерлер және шахматтың қазіргі заманғы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсететін ерекше алаң.
Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласы Спорт басқармасының жүйелі қолдауының арқасында турнир Алматыда өтті. Олар қаланы халықаралық зияткерлік спорт орталығы әрі әлемдік деңгейдегі ірі жарыстар өтетін маңызды алаң ретінде тұрақты дамытып келеді.
Алматы жас шахматшыларды қарсы алуға дайын және шахматтың құрлықтарды біріктіріп, зияткерлік мереке сыйлай алатынын тағы бір мәрте дәлелдеуге әзір.
Оқи отырыңыз: Алматының Бостандық ауданында жол жөндеу мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алды