«Алматы, сені сүйемін!»: Энрике Иглесиас Қазақстандағы сапарын үлкен шоумен аяқтады

06.09.2026 14:52

Кеш соңына дейін стадиондағы көңіл күй басылған жоқ

пресс-служба Энрике Иглесиаса

5 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында Энрике Иглесиастың әндерін мыңдаған адам бірге шырқады. Бірі осы әндермен жастық шағын еске алса, енді бірі бала күнінен үйінде естіп өскен әуендерді алғаш рет жанды дауыста тыңдады. Астанадан кейін Алматыға жеткен концерт Энрике Иглесиастың Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын қорытындылаған үлкен музыкалық кешке айналды, - деп хабарлайды  Almaty.tv.

Энрике Иглесиастың әндері қазақстандық тыңдарманға бұрыннан таныс. Бүгінгі көрерменнің бір бөлігі мектепте немесе университетте оқып жүрсе, енді бірі сол әндерді ата-анасымен бірге тыңдап өсті. Сондықтан бұл кеште сахнадағы әнші мен стадиондағы халықтың арасында ерекше байланыс байқалды. Алғашқы таныс әуен естіле салысымен көрермен орнынан тұрып, әнге қосылып, кейбір композицияларды Энрикемен бірге басынан аяғына дейін айтып шықты.

Әншінің өзі де сахнадан алыстан ғана өнер көрсетіп қоймай, көрерменмен үнемі байланыста болды. Бірде сахнаның шетіне дейін келіп, трибунадағы жанкүйерлерге тіл қатса, енді бірде алдыңғы қатарда тұрғандарға қолын созып, әнін бірге жалғастырды. Негізгі сахнаны стадионның қақ ортасындағы қосымша алаңмен жалғап тұрған ұзын подиум арқылы Энрике бірнеше рет көрерменнің ортасына дейін шығып, үлкен стадиондағы концертті бір сәтке жақын кездесуге айналдырғандай әсер қалдырды.

Алматылық жанкүйерлердің бірі үшін бұл кеш көп жылдан бері күткен кездесуі болғанын айтады.

«Энрикені жасөспірім кезімнен тыңдаймын, ал оның әндерімен байланысты көптеген естеліктерім бар. Бір күні Энрикенің өзін Алматыда көріп, осы әндерді онымен бірге шырқаймын деп ойламаппын. Бүгін таныс әндер басталғанда қайтадан сол жылдарға оралғандай болдым. Бір жағынан ән айтып тұрмын, бір жағынан “шынымен Энрике алдымда тұр ма?” деп сене алмай тұрдым», — дейді жанкүйер.

Кештің көркін ашқан дүниенің бірі көрермен қолындағы мыңдаған жарқыраған білезік болды. Олар жай ғана жарық беріп қана емес, музыкамен бірге жанып-сөніп, әннің ырғағына қарай түсін өзгертіп отырды. Бір сәтте жарық стадионның бір шетінен екінші шетіне толқын болып жүріп өтіп, ән ауысқан сайын трибуналардың түсі де өзгере бастады. Алып стадион бірнеше минутқа біртұтас жарыққа оранған кеңістікке айналып, сахна мен көрермен арасындағы шекара жоғалғандай көрінді.

Оған отты эффектілер, жарық және музыка қосылғанда, шоудың ауқымы тіпті анық сезілді. Бірақ ең қызығы — көрермен қолындағы білезіктер мен олардың әнге қосылған сәттері Орталық стадионның ішін жұлдыздай жарқыратып, мыңдаған адам шоудың бір бөлігіне айналды.

Бұл кеште бір-біріне мүлде ұқсамайтын адамдар қатар отырды. Бірі достарымен үлкен ұжым болып келген, бірі жақын адамымен бірге, енді бірі Энрикені көру үшін Алматыға басқа қаладан әрі басқа елден арнайы жеткен. Арасында әншіні ондаған жылдан бері тыңдап келе жатқан жанкүйерлер де, оның ең танымал әндерін ата-анасы арқылы таныған жастар да болды.

Сол себепті әр адамның бұл концертке алып келген өз тарихы бар секілді көрінді. Біреу үшін Энрикенің әндері студенттік шақпен байланысты болса, екіншісі оны алғаш ғашық болған кезімен еске алады, енді бірі үйдегі отбасылық естеліктерімен сабақтастырады.

Көрермендердің бірі Энрике Иглесиастың әндері өзіне ең алдымен анасын еске түсіретінін айтты.

«Энрикені анам екеуміз үнемі бірге тыңдайтынбыз. Үйде оның әндері жиі ойнайтын, сондықтан мен үшін бұл музыка балалық шағыммен байланысты. Бүгін сол әндерді тірідей естігенде бірден анамды ойладым. Ол жақсы көретін әндер басталған сайын видеоға түсіріп, жіберіп отырдым. Тек концертке екеуміз бірге келе алмағанымыз өкінішті. Анамның да дәл осы жерде болғанын қалар едім», — дейді ол.

Осындай сәттер Энрике Иглесиастың музыкасы бір ғана буынмен шектеліп қалмағанын анық көрсетеді. Кезінде оның әндерін кассетадан, дискіден, радиодан тыңдап өскен жастар бүгінде өздері ата-ана атанды. Ал олардың балалары сол әндерді үйде естіп, кейде кімнің орындағанын білмей тұрып-ақ әуенін жаттап алды. Осылайша бір кездері бір буынның жастық шағы болған музыка енді келесі буынның да естелігіне айналып келеді.

Концертке Қазақстанның басқа өңірлерінен ғана емес, Орталық Азия елдері мен шетелден келгендер де болды. Энрике Иглесиастың әлемнің әр түкпіріндегі концерттеріне барып жүретін тұрақты жанкүйерлері бар, ал Алматыдағы кеш те солардың біразын бір жерге жинады.

Қазақстандағы концерттер алдында Энрике Иглесиастың шоу бағдарламасы толық жаңартылған. Жаңа қойылымды әзірлеуге әлемге танымал әртістердің концерттерімен жұмыс істейтін америкалық мамандар қатысқан. Сахна құрылысы, жарық, отты эффектілер, орталықтағы қосымша алаң мен көрермен білегіндегі мыңдаған жарық білезік сол бағдарламаның бір бөлігі болды.

Кеш соңына дейін стадиондағы көңіл күй басылған жоқ. Халық ән айтып, би билеп, соңғы композицияларға дейін орындарынан тарамады. Кей ән басталғанда стадионның әр бұрышынан мыңдаған дауыс бірден қосылып, Энрикенің өзі де сол сәтті көрерменмен бірге өткізіп тұрғандай болды.

Алматы Энрике Иглесиастың Қазақстандағы екінші концерті еді. Бұған дейін, 3 қыркүйекте әнші Астанада концерт беріп, еліміздегі алғашқы кездесуін өткізген болатын. Екі күннен кейін Алматыдағы Орталық стадион да оны мыңдаған көрерменмен қарсы алды.

Астана мен Алматыдағы екі кешті байланыстырып тұрған дүние концерттің көлемі немесе сахнаның ауқымы ғана емес еді. Ең маңыздысы — әр жылда, әр қалада, әр адамның өмірінде бөлек-бөлек естелікке айналған әндердің осы жолы бір стадионда қайта естіліп, мыңдаған адамның сол әндерді Энрике Иглесиастың өзімен бірге орындауы.

Оқи отырыңыз: Мыңдаған көрермен, сүйікті хиттер мен отшашу: Алматыдағы Энрике Иглесиас концерті қалай өтті

Толық көрсету