Almaty SuperSki: Жаңа жобаларда қауіпсіздік пен өрттің алдын алу шаралары ескерілуде

Былтыр шаһардың таулы аймақтарында 410 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіліп, 608 адамға көмек көрсетілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылмақ. Алматыда тау туризмін дамытуға бағытталған жобаларда өрттің алдын алу, туристерді қауіпсіз жерге көшіру мүмкіндіктері ескерілуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ал іске қосылуы 2028 жылға жоспарланған «Almaty SuperSki» жобасында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бірқатар шешім қарастырылған. Соның ішінде тау соқпақтарын арнайы белгілермен жабдықтау, цифрлық навигацияны енгізу көзделген.

«Жобаны дамыту барысында қар көшкінінің алдын алу және селден қорғайтын бөгеттер салу шаралары қарастырылған. Алматының тау шатқалдары күрделі табиғи жағдайымен ерекшеленетінін жақсы білеміз. Сондықтан қауіпсіздік мәселесіне жан-жақты мән беріп отырмыз. Бұл жұмысқа халықаралық сарапшылар, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мамандары тартылған. Яғни барлық жауапты мекеме өзара тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр», – деді Almaty Tau Management басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко.

Айта кетейік, Алматының тау бөктеріндегі туристік нысандарда төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында да бірқатар шаруа атқарылып жатыр. Мәселен, былтыр шаһардың таулы аймақтарында 410 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіліп, 608 адамға көмек көрсетілген. Олардың 88-і – бала. Бұдан бөлек, төтенше жағдайларға дер кезінде ден қою мақсатында Үлкен Алматы шатқалында мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылған. ¤

«Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басты міндеті – таулы аймақтардағы тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бөлімнің тауға жақын орналасуы төтенше жағдай кезінде оқиға орнына жедел жетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өрттің алдын алу үшін арнайы жасақтар мен бақылау топтары жұмылдырылған. Жылу камераларымен жабдықталған дрондар пайдаланылып, өрт ошақтарын ерте анықтайтын бейнебақылау жүйесі орнатылған», – деді Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының аға инженері Мәлік Ғабдуллин.

Оқи отырыңыз: Almaty SuperSki: Алматы тауларында жаңа соқпақтар жүйесі жолға қойылмақ