Almaty SuperSki: Жоба туралы ақпарат тұрғындарға қаншалықты қолжетімді

Алматының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаға қала тұрғындарының да қызығушылығы жоғары

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының таулы аймағын туристік орталыққа айналдыруды көздейтін Almaty SuperSki жобасы – шаһардың туризм әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды бастамалардың бірі.  Ауқымды жобаның жүзеге асуы қоғам үшін маңызды болған сайын, ол туралы ақпараттың ашық әрі түсінікті болуы да аса өзекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Almaty SuperSki бойынша тұрғындар жобаға қатысты мәліметтермен танысып, өз пікірін білдіре алуы тиіс. Бұл ретте құжаттарды ашық жариялау және қоғамдық талқылау өткізу – ақпараттық қолжетімділіктің негізгі тетіктерінің бірі.

«Сұрақтың барлығын шешіп, ғылыми тұрғыдан зерттеулермен дәлелдеп, тек құрылыс кезеңінде емес, ертең курорт ашылған кезде табиғатқа, экологияға ешқандай кері әсері болмайтынын айтып жатырмыз.  Құжаттарды ашық порталға енгізіп, жобаны қоғамдық талқылаудан өткізуді бастадық», – деді Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.

Жобаның ашық талқылануы азаматтарға игі бастаманың мақсаты мен қала үшін маңызын бағалауға мүмкіндік береді. Ал Алматының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаға қала тұрғындарының да қызығушылығы жоғары.

«Көкжайлау сияқты жерлерді жақсырақ дамытып, Almaty SuperSki сияқты жобаны іске асырсақ, қаламыздың экономикасын көтеріп, әлемдік туристік картада өз орнымызды нық басуға және Орта Азиядағы ең мықты туристік елдердің бірі атануға өте қажет жоба деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Бейбіт Жасұланұлы.

Алайда ақпараттың ашық көздерде көрсетілуі ол баршаға бірдей түсінікті әрі қолжетімді деген сөз емес. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ақпаратты қабылдауға ыңғайлы форматтардың болуы маңызды. Сондықтан жобаға қатысты талқылауларда олардың да пікірі ескерілуі қажет.

«Бұл – мүмкіндігі шектеулі адамдарға да жан-жақты жағдай жасалатын жоба болмақ. Жобаның бәрін көріп, мақұлдап жатырмын. Өзімнің келіспейтін тұстарым болса, талқылап, сол талаптардың бәрін енгізіп жатырмыз. Сондықтан жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігін толықтай қамтиды деп ойлаймын», – деді қалалық Мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбек.

Қорыта айтқанда, ақпараттық қолжетімділік мәліметті тек жариялаумен 30% шектелмейді. Азаматтың оны табуы, терең түсінуі және пікірін еркін білдіру мүмкіндігі де бірдей маңызды. Almaty SuperSki секілді ірі жобаларда ашық коммуникация мен қоғамдық пікірді ескеру тұрғындардың бастама туралы толық және шынайы түсінік қалыптастыруына жол ашады.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Сұрыптаудан зат алмасуға дейін: Алматыда Recycle Бірге экологиялық акциясы өтті