Көрме аясында «Алматы туризм күндері» арнайы іс-шарасы да өтеді
Алматы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында 4-6 қыркүйек аралығында өтіп жатқан MATTA Fair халықаралық туристік көрмесіне қатысып жатыр. Биылғы көрмеге 285 компания қатысып, 2 мыңнан астам стенд қойылған. Ұйымдастырушылар іс-шараға шамамен 200 мың адам келеді деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы көрмеде Visit Almaty арнайы стенді арқылы таныстырылып жатыр. Келушілер қаладағы туристік бағыттармен, тау мен табиғат аясындағы демалыс орындарымен, мәдени нысандармен, ұлттық және заманауи гастрономиямен, сондай-ақ туристерге арналған инфрақұрылыммен таныса алады.
Экспозицияда Алматының басты ерекшелігі қаланың заманауи мүмкіндіктері мен таулы өлкенің табиғи сұлулығын бір арнада тоғыстыратын туристік әлеуетіне басымдық берілген. Сонымен қатар көрме қонақтарына қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары және Қазақстанның бай мәдени мұрасы таныстырылады.
Көрме аясында «Алматы туризм күндері» арнайы іс-шарасы да өтеді. Онда қаланың туристік әлеуеті, мәдениеті мен гастрономиялық ерекшеліктері кеңінен таныстырылады.
Сондай-ақ бұл алаң халықаралық туризм индустриясының өкілдерімен іскерлік байланыс орнатып, жаңа серіктестік бағыттарды талқылауға жол ашады.
Малайзия Алматы үшін болашағы зор туристік нарықтардың бірі. 2025 жылы қалаға Малайзиядан 9 416 турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 23%-ға көп. Олардың 5 242-сі Алматыға іскерлік және кәсіби мақсатпен келіпті. MATTA Fair көрмесіне қатысу Алматының халықаралық туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттырып, жаңа аудиторияның қызығушылығын оятуға және Малайзияның туристік нарығындағы серіктестермен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Энрике Иглесиастың концерті кезінде Алматыда қоғамдық көлік қалай жұмыс істейді