Алматы әуежайында терминалдар мен инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр

25.04.2026 17:38

ҚР Көлік министрі мен Алматы әкімінің бірінші орынбасары әуежайды жаңғырту жұмыстарымен танысты

 

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Алматы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевқа әуежайды ауқымды жаңғырту жобасының жүзеге асу барысын таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жұмыс сапары ішкі рейстер терминалынан (Т1) басталды. Мұнда кешенді жаңарту жұмыстары қолға алынған. Делегация жолаушыларды тіркеу және жүк беру аймақтарындағы өзгерістермен танысты. Әуежай басшысының айтуынша, терминалды жаңғырту биыл шілде айында аяқталады деп жоспарланған. 

Сондай-ақ автотұрақты кеңейту және әуежай аумағында қонақ үй кешенін салуға арналған жер теліміне қатысты жоспарлар ұсынылды.

Одан әрі делегация халықаралық терминалды (Т2) аралап, төбе құрылымдарын жаңарту барысымен танысты. Бұған қоса, әуежай музейінің жұмысы мен барлық үдерістің үздіксіздігін қамтамасыз ететін жедел басқару орталығының қызметі таныстырылды.

Жұмыс сапары перрон аумағында қорытындыланды. Мұнда жанармай құю кешені мен әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу алаңы секілді әуеайлақ инфрақұрылымының негізгі нысандары көрсетілді.

Жобалар 2050 жылға дейінгі Horizon ұзақ мерзімді даму жоспарының алғашқы кезеңі аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоспар 130-дан астам инфрақұрылымдық бастаманы қамтиды.

Негізгі бағыттар қатарында:

  • ұзындығы 4400 метр болатын жаңа әуе кемелерінің жүру жолағын салу;
  • бетон жабыны бар ұшу-қону жолағын жаңарту;
  • VIP-перрон мен әуе кемелеріне арналған тұрақ орындарын жаңғырту;
  • жаңа жүк перроны мен техникалық қызмет көрсету ангарын салу бар.

Жоспарды іске асыру нәтижесінде әуежайдың қабылдау қуаты жылына 40 миллион жолаушыға дейін артып, 2300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Кешенді жаңғырту Алматының Еуропа мен Азияны байланыстыратын ірі авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейтіп, көлік инфрақұрылымының дамуына серпін береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Қытайда ауа ластануын 64%-ға азайтқан тәсілдер енгізіліп жатыр