Алматының түрлі ауданында 13 жаңа жылдық локация пайда болды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы

Жаңа жыл мерекесіне орай безендірілді: мерекелік көркемдеу қала аумағын толық қамтыды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алматында ауқымды мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді. Қаланың орталық қоғамдық кеңістіктерімен қатар шалғай орналасқан шағынаудандар да қамтылып, барлық ауданда біртұтас мерекелік атмосфера қалыптасты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала тұрғындары мен мегаполис қонақтары жиі баратын дәстүрлі нүктелер Абай алаңында, Астана алаңында, Арбат жаяу жүргіншілер аймағында, Панфилов көшесінде, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта, «Алматы Арена» аумағында және «Атакент» көрме кешенінде орналасқан. Аталған алаңдарда негізгі жаңа жылдық іс-шаралар, концерттер, жәрмеңкелер мен отбасылық демалыс бағдарламалары өтеді.

Биылғы жаңа жыл маусымында қаланың мерекелік картасы кеңейтіліп, 13 жаңа локация көркемдік безендіруден өтті. Олардың қатарында Сайран көлі, «Гүлдер» және «Family» саябақтары, Ганди мен Байсейітова скверлері, «Айнабұлақ», «Жасқанат», «Көкжиек» және «Құлагер» шағынаудандары бар. Бұл аумақтар жарық кескіндемелерімен, гирляндалармен және тақырыптық шағын сәулет нысандарымен безендіріліп, тұрғындарға үйінің маңында мерекелік көңіл күй сыйлап жатыр.

Жаңа жылдық безендіру жұмыстары қаланың 38 шақырым көшесін, оның ішінде 12 негізгі даңғыл мен магистралдарды қамтыды. Алматы халықаралық әуежайынан бастап қаланың орталық көшелеріне дейінгі бағытта жүздеген жарық кронштейн мен гирлянда орнатылды. Атап айтқанда, Майлин көшесі, Құлжа тас жолы, Шығыс айналма автожолы, әл-Фараби, Достық, Абай және Назарбаев даңғылдары мерекелік жарықпен көмкерілді.

Қала бойынша барлығы 21 мұз айдыны безендірілді, 480 шағын сәулет нысаны орнатылды, 2000-нан астам жарық кронштейн пайдаланылды, 47 көпір мен жерүсті жүргіншілер өткелі көркемделді, сондай-ақ шамамен 2200 ағаш мерекелік шамдармен безендірілді. Алматыда 74 жаңа жылдық шырша орнатылды, оның 30-ы мемлекеттік, ал 44-і жеке меншік шыршалар.

Биыл жаңа жылдық әшекейлердің бір бөлігі қалпына келтіріліп, қайта қолданылды. Атап айтқанда, 56 шағын сәулет нысаны жаңартылды, оның ішінде 4 жаңа жылдық шырша, 45 мерекелік ағаш үйшік және 7 ірі жарық құрылымы бар.

Қалалық кеңістіктің көркемдік мазмұнына ерекше назар аударылды. Алматының әр ауданында ертегі кейіпкерлерінің жарық мүсіндері, 2026 жылдың символикасымен безендірілген арт-нысандар, қар ұшқыны, сыйлық, бұғы және жаңа жылдық шарлар пішініндегі сәндік композициялар орнатылды. Аталған кескіндемелер қала тұрғындары мен туристер үшін танымал фотоаймаққа айналды.

Жаңа жылдық безендірудің маңызды элементтерінің бірі - мерекелік жәрмеңке стилінде жасалған ағаш үйшіктер. Олар сауда павильондары, интерактивті алаңдар және қалалық декор элементтері ретінде пайдаланылады.

Мерекелік көркемдеуде «Таза Қазақстан» тақырыптық шағын сәулет нысандары ерекше орын алады. Аталған нысандар Алматы халықаралық әуежайында және Алматы-2 теміржол вокзалында орнатылған. Олар жаңа жылдық дизайнды экологиялық мазмұнмен үйлестіре отырып, қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау, табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру идеясын білдіреді.

Мерекелік кезеңде бұл нысандар қаланың негізгі көлік тораптарын безендіріп қана қоймай, қала қонақтары мен тұрғындарын даму мен Қазақстанның экологиялық болашағына назар аударуға ықпал етеді.

Новости партнеров