Алматы халықаралық деңгейде туристік әлеуетін белсенді ілгерілетуді жалғастырып келеді. Visit Almaty, Trip.com Group және Air Astana бірлескен науқаны қаланы Қытай нарығында танытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың біріне айналды. Науқан 75,3 млн-нан астам пайдаланушыны қамтып, жоспарланған тиімділік көрсеткішінен 107%-ға жоғары нәтиже көрсетті. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасы хабарлады, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Науқан барысында екі ай ішінде Ctrip платформасы арқылы Air Astana әуе билеттерінің сатылымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 есе өсті. Бұл Қытай мен Алматы арасындағы тікелей әуе рейстеріне сұраныстың айтарлықтай артқанын көрсетті.
Науқан аясында Қытайдың ірі цифрлық платформалары, Trip.com мобильді сервистері, әлеуметтік желілер, тревел-блогерлер және әуе билеттеріне арналған арнайы ұсыныстар біріктірілді. Әлеуетті туристер үшін Алматының табиғи көрікті жерлері, гастрономиясы, мәдени іс-шаралары мен белсенді демалыс мүмкіндіктері туралы ақпарат қамтылған бірыңғай цифрлық гид әзірленді.
Науқан нәтижелерін талдау қазіргі қытайлық саяхатшылардың өз бетінше саяхаттауды, жеке бағыттарды және белсенді демалысты жиі таңдайтынын көрсетті. Әсіресе, ең көп сұранысқа ие бағыттар қатарында Шымбұлақ, Көлсай көлдері және Үлкен Алматы көлі бар. Бұл Алматының жыл бойы туристерді қабылдайтын бағыт ретіндегі жоғары әлеуетін айғақтайды.
Науқанның негізгі аудиториясын 35-49 жастағы саяхатшылар. Сонымен қатар 25-34 жас аралығындағы туристер санатында айтарлықтай өсу әлеуеті байқалады. Олар белсенді демалысқа, тау туризміне, жаяу бағыттар мен тау шаңғысы инфрақұрылымына жоғары қызығушылық танытады. Алматыға ат басын бұратын қытайлық туристердің басым бөлігі қалаға тікелей әуе қатынасы бар Бейжің, Шанхай, Үрімші, Гуанчжоу, Чэнду және Сиань сияқты қалалардан келеді.
Науқан нәтижелері Алматыны халықаралық нарығында әрі қарай танытуға, жаңа туристік өнімдерді дамытуға және туристер санын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қаланың Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға жол ашады.
Оқи отырыңыз: Абайдың туғанына – 181 жыл: Алматы кітапханаларында ұлы ақынның мұрасына арналған мәдени іс-шаралар өтті