Ұлы Жібек жолы: Алматы халықаралық экспедицияның негізгі аялдамасына айналды

14.07.2026 20:40

12 елді жалғаған халықаралық экспедиция оңтүстік астанаға аялдады

12 мемлекет, 15 мың шақырым жол. Ұлы Жібек жолы қайта жанданды. Римнен басталған электромобильдер шеруі Алматы арқылы Гонконгқа жетеді. Әйгілі итальяндық саяхатшы Марко Полоның ізін жалғаған халықаралық экспедиция осыдан бір ай бұрын Ұлы Жібек жолымен сапарға шыққан. Ал Алматы осы ауқымды жобаның негізгі аялдамаларының біріне айналды. Шетелдік делегация мүшелері бүгін Медеу мен Шымбұлақ демалыс орындарымен танысып, қаланың тұмса табиғатына тамсанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Халықаралық электромобильдер шеруі – тұрақты даму мен экологиялық көлікті дәріптейтін бастама. Бағыт 12 мемлекетті қамтып, жалпы ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтайды. Делегация құрамында халықаралық сарапшылар, ғалымдар және бизнес өкілдері бар. Ауқымды сапар Ватикан, Италия, Хорватия, Мажарстан, Сербия, Болгария, Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Қытай аумағын қамтиды.

«Қазақстан мұндай халықаралық экспедицияларды қабылдауға толық дайын. Сапар алдында барлық қажетті зерттеу жұмысын жүргіздік. Қатысушылар елімізге Өзбекстан арқылы келді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бағытта әр 150 шақырым сайын электромобильді қуаттауға мүмкіндік болды. Мұнда қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Алматы мен оның маңындағы туристік орындарды таңдағанда басты назар қаланың табиғи ерекшелігіне, әсіресе таулы аймақтарының әлеуетіне аударылды», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.

Делегация құрамында 59 адам бар. Ал негізгі қатысушылар саны – 38. Ғалымдар, инвесторлар мен кәсіби сарапшылардан тұратын саяхатшылар тобы Медеу, Шымбұлақ, мұражайлар, Көк базар мен қаланың тарихи орталығын аралады. Ал бұған дейін олар Ақтау, Маңғыстау, Бейнеу, Шымкент және Тараз қалаларын шарлаған.

«Алматы – Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі қалалардың бірі. Мен үшін бұл сапар осы жерді көрумен ғана емес, оның рухын сезініп, онымен байланыс орнатумен де маңызды. Бүгін бүркітшілермен, жергілікті блогерлермен танысып жатырмыз. Қазақстанға табан тірегенде ең алдымен Таразға тұрақтадық. Тарихы өте бай өлкені көзбен көргеніме қуаныштымын. Мұражайларды араладық, жергілікті антропологтармен кездесіп, сол жердің тарихы жайында әңгімелестік. Сондықтан бұл сапар – біз үшін әлемді тереңірек тануға бағытталған бірегей жоба», – деді халықаралық жобаның амбассадоры Патрик Чжун.

Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – Батыс пен Шығыс мәдениетін жақындастырып, цифрландыру мен өзге де инновациялық бағыттардағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңінен талқылау.

«Жобаның негізгі контенті YouTube, Weibo және басқа да халықаралық медиаплатформаларда сторителлинг форматында жарияланады. Жалпы жоба материалдарының әлеуетті аудиториясы бір миллиардқа жуық көрсетілімді қамтиды. Бұл жоба – Алматы үшін өзін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте танытуға үлкен мүмкіндік», – деді Туризм басқармасының бас маманы Алмас Ақпаев.

Сапар жайлы деректі фильм, влогтар мен подкасттар әзірленеді. Жоба материалдарын шамамен 40 миллион адам тамашалайды деп күтілуде. Бұл Алматыны Орталық Азиядағы туризм мен мәдениеттің маңызды орталығы ретінде әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 13 маусымда басталған трип 26 шілдеде аяқталады.

Айдана Шалқар, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жүрекке кеуде қуысын ашпай ота жасау әдісі енгізілді