Дәстүрге айналған сайыс биыл бесінші рет ұйымдастырылып жатыр
Алматыда шығармашыл жас ұстаздар арасында өткен «Almaty Ustazy» байқауының ақтық кезеңі аяқталып, үздіктер анықталды. Дәстүрге айналған сайыс биыл бесінші рет ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жоба ұстаздық жолды таңдаған жастарға қолдау көрсетіп, мамандықтың мәртебесін арттыруды мақсат етеді. Додаға қатысуға биыл 794 мұғалім өтініш білдірген екен. Ал алғашқы кезеңге 558 педагог өтіп, кейін 68 ұстаз қала мектептерінде ашық сабақ өткізіп, кәсіби қарымын көрсетті. Соның ішінен үздік шыққандар ақтық сынға жолдама алды.
«Алматы ұстазы өзінің озық нәтижелерін көрсете алатын, жаңа технологияларды қолдана алып, шығармашылық, креативті ойлай алатын маман болуы керек. Жеңімпазды анықтау үшін арнайы бағалау алгоритімі ойлап табылды. Қазылар алқасында ғалымдар, білім саласының үздік мамандары, республикалық-халықаралық сайыстардың жеңімпаздары бар», - деді Білім берудегі жаңа технологиялар қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Ардақ Смағұлова.
Қазылар алқасының шешімімен ақтық кезеңде топ жарған 7 жас маман халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Ал бас жүлде иегеріне 5 миллион теңге қаржылай марапат пен шетелде білімін жетілдіруге жолдама беріледі. Мұндай тәжірибе алаңында жас мұғалімдер озық әдістемелермен танысып, заманауи педагогиканың өрісін кеңейтуге үлес қоса алады. Жеңімпаздар 3 қазанда Республика сарайында мұғалімдер күніне орай салтанатты түрде марапатталады.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал” дейді ғой. Сондықтан да әр ұстаз жаңашыл қасиеттерді бойына сіңіріп отыруы керек. Ұстаз дипломат бола білуі, дипломаттық қабілеттерді бойына сіңіре білуі керек. Әрқашанда әріптес болсын, оқушы болсын, тілдесе білуі керек, аңғарымпаздық дипломатия қажет. Шыңдап білім беруі, арасында оқушыларға жеңілдік беріп тұруы керек», - дейді № 173 мектеп-лицейінің оқытушысы Рауан Керім.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы қалалардың инфрақұрылымы әбден ескірген – депутат