Алматы жаңа идеялар мен серпінді стратегиялар форумы – New Vision 2025-ті өткізуге дайын

06.10.2025 15:40

Үш күн бойы ашық аспан астында бизнес-қала бой көтеріп, төрт алаңда әлемдік спикерлердің дәрістері, шеберлік сағаттары мен нетворкинг-сессиялар өтеді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

9-11 қазан аралығында Алматы әлемнің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлер, инвесторлар мен визионерлердің басын қосатын орталыққа айналады, деп хабарлайды Almaty.tv.

New Vision форумының екінші маусымы 7000-нан астам қатысушы мен 100-ден аса халықаралық компанияның басын қосып, қаланы нағыз мүмкіндіктер алаңына айналдырмақ.

Форумды YPO Kazakhstan және Nobel Fest ұйымдастырып, оған Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетеді. Үш күн бойы ашық аспан астында бизнес-қала бой көтеріп, төрт алаңда әлемдік спикерлердің дәрістері, шеберлік сағаттары мен нетворкинг-сессиялар өтеді.

Биылғы форумның басты тақырыбы - FUTURE READY: 2026 серпінді стратегиялары. Қатысушылар мегатрендтерді, өзгерістер дәуіріндегі көшбасшылықты, технология дамуын және болашақтың инвестициясын талқылайды.

Алқалы жиында Айдын Рахымбаев, Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов, Еркін Тәтішев және т.б. қазақстандық танымал кәсіпкерлер сөз сөйлейді.

Шетелдік қонақтар қатарында: Робин Шарма, Аллан Пиз, Игорь Манн, Джефф Хоффман, Трип Хокинс, Ури Левин, Макс Ховард және Элизабет Мюллер бар.

New Vision 2025 бүгінде Орталық Азиядағы басты бизнес-форумдардың бірі атанып отыр. Бұл іс-шара жаһандық көшбасшылар мен жергілікті кәсіпкерлердің басын қосып, идеяларды жүзеге асырып, серіктес табуға мүмкіндік береді. 

Күні: 2025 жылы 9-11 қазан