Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғатқа құрметпен қарауға үндеу
«Таза Қазақстан» road-эстафетасы мәресіне жетті. Алматы облысынан басталып, бірнеше күнге созылған экоэстафета Сыр өңірінде қорытындыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Акция барысында тазалық жанашырлары республикалық маңызы бар автожол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартып шықты. Жұмыла кіріскен іске ауа райының қолайсыздығы да кедергі болған жоқ. 3000-ға жуық ерікті жас эстафета аясында табиғатқа жанашырлықтың үлгісін көрсетті.
«Бір апта ішінде 1200 шақырым жолды жүріп өттік. Алматы облысы, Жамбыл облысы, Шымкент қаласы,Түркістан облысы және Қызылорда облысында 15 аудан қамтылды. Бір апта ішінде 150 тоннаға жуық қоқыс жинадық», – деді «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова.
Қызылорда «Таза Қазақстан» акциясы бойынша ең таза өңір деп табылды. Оған дәлел экобелсенділер Сыр өңірінің шекарасынан бастап қоқыс таппай, бірнеше шақырымды бос қапшықпен жүріп өткен көрінеді. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғатқа құрметпен қарауға үндеу.
«Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра берсек ,болашақ Қазақстанымыз жасыл желекке айналады. Қоршаған ортаны қорғау, ұқыптап ұстау – тек біздің міндетіміз емес, күнделікті өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналуы керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында сирек кездесетін жыртқыш камераға түсіп қалды