Биыл барлық комьюнити орталықта 1700-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 380 мыңға жуық жас қатысқан
Алматыда биыл жастарды қолдауға бағытталған бастамалардың арқасында 18 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан. Соның ішінде қысқа мерзімді курстан өтіп, екі қолға бір күрек табуға көмектесетін комьюнити орталықтардың саны артпақ. Келер жылы баспана таппай, пәтер жағалап жүрген білімгерлер үшін екі жатақхана салынып, қыркүйекте қолданысқа берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
21 жастағы Нұржан Дәулетұлы – алматылық еріктілердің бірі. Жастайынан түрлі іс-шараға белсенді атсалысқан ол студенттік жылдары қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесуді әдетке айналдырған. Сегіз жыл бойы волонтерлікпен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында азық-түлік себеттерін тарату, гуманитарлық көмек жинау, қоқыс өңдеу, тазалық науқаны секілді игі бастамалардың басы-қасында жүргенін айтты.
"Карантин кезінде күн-түн демей әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тараттық. Су тасқыны кезінде де зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, оны ұшақ арқылы немесе жүк көліктерімен жіберіп отырдық. Көп жағдайда жұмысымыз көзге көрінбейді. Бірақ халықтың алғысына бөлену – біз үшін ең үлкен мәртебе", – деді ерікті Нұржан Жасұзақов.
Қиын сәтте қолғабыс етіп, мерейлі күнде мереке ұйымдастыруға көмектесіп жүрген жастарды қолдау бүгінде мықтап қолға алынған. Биыл қалада игі бастамалардың арқасында 18 мыңнан аса жас екі қолға бір күрек тапса, оның 82 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ қазір іске қосылған 11 комьюнити орталық та білімгерлердің қосымша курстар оқып, жұмысқа тұруына септігін тигізуде. Келер жылы тағы 5 орталық ашу жоспарланған.
"Жастарға ыңғайлы болуы үшін, олардың тұратын жеріне жақын ауданда 2 комьюнити орталықты ашуды жоспарлап отырмыз. Осы кезге дейін 395 мың жасты қамтып, 1700-ден аса іс-шаралар ұйымдастырды. Оның ішінде 112 мың жас комьюнити орталыққа келіп, консультация алған, іс-шара өткізген немесе соған қатысқан жастар", – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
Биыл барлық комьюнити орталықта 1700-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 380 мыңға жуық жас қатысқан. Сондай-ақ "ALMA CUP" жобасы аясында 6 мыңға жуық адам түрлі спорт түрінен бақ сынаған. Қала билігі өнерлі өрендерді де назардан тыс қалдырмай, "Jas Galа – 2024" фестивалін өткізді. Бұл байқауға 3 мыңға жуық өтінім түсіп, жүлде қоры 7,5 миллион теңгені құрады. Биыл жобалық кеңсенің бастамасымен 4300 орындық 16 жатақхана қолданысқа берілген. Ал келесі жылы 8 мың орынға шақталған тағы 2 жатақхана ашу көзделіп отыр.
Аяулым Көлжігіт, Рашидин Якупов