Алматыда 1 500-ден астам оқушы екінші тоқсанды жаңартылған ғимараттарда бастады
Тарих, биология және ағылшын тілі кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толықты
Алматының Медеу ауданындағы №56 Қ. Сәтбаев атындағы гимназия мен №17 мектеп-интернат күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Жаңа зертханалар, жаңартылған оқу кабинеттері мен спорт алаңдары оқушылардың игілігіне берілді. Бүгін гимназияның 1 400 оқушысы мен мектеп-интернаттың 166 тәрбиеленушісі жаңартылған ғимараттарда оқуын жалғастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
№56 гимназияда ғылым мен технологияны меңгеруге мүмкіндік жасалды. Мұнда робототехника кабинеті мен заманауи зертханасы бар STEM кабинеті ашылды. Физика және химия зертханасы жаңартылып, оқу кабинеттері жаңа жиһазбен және компьютерлік техникамен жабдықталды.
Сабақтан тыс уақытта пайдаланылатын орындар да жаңарды. Мәжіліс залы кеңірек бөлмеге көшіріліп, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Кітапхана жаңғыртылды. Спорт залы кеңейтіліп, душ бөлмесі бар киім ауыстыратын орындар жабдықталды. Гимназия аумағындағы футбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолы да жаңартылды.
№17 мектеп-интернатта оқу және жатын бөлмелерінің бәрі жөндеуден өтті. Балалар мұнда аптасына бес күн болғандықтан, оқу кабинеттерін жабдықтаумен қатар, олардың тұрмыс жағдайына да ерекше көңіл бөлінді. Жатын бөлмелерге жаңа кереуеттер мен жиһаздар қойылды. 120 орындық асхана жаңа техникамен жабдықталды. Тәрбиеленушілер күніне бес рет ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Тарих, биология және ағылшын тілі кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толықты. Мектеп-интернатқа интерактивті тақталар орнатылып, спорт залы мен спорт алаңы жаңартылды.
Ғимараттардың қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылды. №17 мектеп-интернатта сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілді. Ал №56 гимназияда инженерлік желілер, бейнебақылау және өрт дабылы жүйелері жаңартылды.
Жаңартылған ғимараттарға оралған оқушылар екінші тоқсанды жайлы әрі қауіпсіз ортада бастады. Енді олардың сапалы білім алып, шығармашылықпен айналысуына және спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Оқи отырыңыз: Биыл 9 айда Алматыда өнеркәсіп өндірісі 22,2 пайыз өсті