Осы кезеңде сауда желісі арқылы 9 920 тонна көкөніс өнімін сату жоспарланған
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, оның ішінде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы мақсатта «Алматы» ӘКК» АҚ мен сауда желісі арасында жасалған тұрақтандыру туралы келісім аясында 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қалада көкөністер белгіленген бағамен сатылып жатыр.
Бұл механизм 2027 жылы 30 сәуірге дейін қолданылады. Осы кезеңде сауда желісі арқылы 9 920 тонна көкөніс өнімін сату жоспарланған. Оның ішінде 4 960 тонна картоп, 1 760 тонна сәбіз, 2 000 тонна пияз және 1 200 тонна қырыққабат бар.
Қазіргі таңда көкөністердің бір килограмына белгіленген шекті баға мынадай: картоп – 214 теңге, сәбіз – 208 теңге, пияз – 139 теңге, қырыққабат – 118 теңге. Шекті бағалар екі апта сайын қайта қаралады.
Көкөніс өнімдерін Алматы қаласындағы Magnum желісінің дүкендерінен сатып алуға болады.
Көкөністерді тұрақтандырылған бағамен сату қала тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және маусымаралық кезеңде бағаның өсуін тежеуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыда Абылай хан даңғылының кей учаскесінде көлік қозғалысы шектеледі