Мұндай бастама жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырады
Алматыда Ұлттық домбыра күніне орай 100 домбырашы бір мезетте «Балбырауын» күйін орындады. Флешмобқа Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі музыканттары мен қаланың әр ауданынан келген мектеп оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып, күй өнерін кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Сондықтан алдағы уақытта да осыған ұқсас іс-шараларды жиі өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Негізгі мақсатымыз – талантты балаларымызды танытып, ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамыз – домбыраны жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Домбыра күні мен Астана күні аясында 100-ден астам мәдени, спорттық және әлеуметтік іс-шара ұйымдастырылды. Осы флешмобтан кейін үлкен оркестр мен жас таланттардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді», — деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.
Ал Алатау дәстүрлі өнер театрының ашық алаңында «Домбыра – дастан» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кеш барысында еліміздің танымал дәстүрлі және эстрада өнерпаздары бас қосып, ұлттық нақыштағы концерттік бағдарламаны ұсынды. Сахна төрінде МузАРТ, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Бағлан Бәбіжан, Нұркен Әшіров, Ұлжан Байбосынова, Қоңыр, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі және Салтанат өнер көрсетті. Домбыраның күмбірлеген үні көрерменге халқымыздың тарихын, рухын, елдік мұратын және ұлттық бірегейлігін терең сезіндіріп, ерекше рухани әсер сыйлады.
«Тәй-тәй басып келе жатқан балалардың өзі қобыздың, домбыраның үнін естіп, көне жырларымызды, дастандарымызды, халық әндерін тыңдау арқылы өз халқының тарихы мен болмысын тереңірек таниды деп ойлаймын. Осындай концерттер халық үшін де, жас ұрпақ үшін де өте маңызды», — деді Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев.
«Домбыра – біздің ең бағалы ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Біз онымен мақтанамыз. Осындай концерттердің ұйымдастырылып жатқанына өте қуаныштымыз», — деді қала тұрғыны Арнай Дәукенов.
Оқи отырыңыз: Атырауда төрт күнде 280-нен астам жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілді