Ауқымды шара республика бойынша өтті
Атырауда төрт күн ішінде әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 285 жеткіншек полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тәртіп сақшылары ереже елемеген жасөспірімдерді «Түнгі қала – қауіпсіз балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықтаған.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың тәрбиесі, құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамаған 25 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, республика бойынша өткен ауқымды шара кезінде 2400 жасөспірім анықталған. Олардың 1500-і әкімшілік құқықбұзушылық жасаса, 1000-ы ата-анасының қарауынсыз қоғамдық орындарда жүрген.
Айта кетейік, республика көлемінде басталған профилактикалық жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.
«Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін күшейту. Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде 50-ден астам құқық бұзушылық анықталып, жасөспірімдер полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Атырау облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлімше бастығы Гүлім Менешқалиева.
Оқи отырыңыз: Ақтауда екі адам суға кетті: ТЖД ескерту жасады