Алматыда жүз мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды
Алматыда жүз мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды. Күні кеше Наурызбай ауданында орналасқан Ақсай өзеніндегі сүзгі стансасы бар жаңа су тарту нысаны іске қосылды. Қала халқын тұрақты тіршілік нәрімен қамтамасыз ету мақсатында салынған заманауи су дайындау кешенінің ашылу салтанатына қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа нысан Наурызбай ауданындағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін салынған. Тәуліктік өнімділігі – 22 мың текше метр. Станса Наурызбай ауданындағы бес шағын ауданды, сондай-ақ Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс пен Қырғауылды ауылдарын қамтиды. Қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, бұл – қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған негізгі жобалардың бірі.
«Бұрын ауыз су жиі жетіспейтін. Кейде су таситын көліктерден су алуға мәжбүр болатынбыз. Апталап тіршілік нәрінсіз отырған кездер де болды. Қазір осындай стансаның салынғанын көріп, қуанып отырмыз. Үлкен рақмет айтамыз», – деді қала тұрғыны Ирина Бочкарева.
«Соңғы алты-жеті жылда Ақжар елдімекені айтарлықтай өзгерді. Жолдар салынды, көше жарығы орнатылды, инженерлік желілер тартылып жатыр. Мұның бәрін өз көзімізбен көріп отырмыз. Атқарылып жатқан жұмыстарға ризамыз», – деді қала тұрғыны Мамед Магоматов.
Стансада суды тазартудың толық заманауи циклі енгізілген. Мұнда радиалды тұндырғыштар, құйынды араластырғыштар, жедел сүзгілер, сондай-ақ суды залалсыздандыру жүйелері орнатылған. Мамандардың айтуынша, барлық технологиялық үдеріс автоматтандырылған. Басқару бірыңғай диспетчерлік орталық арқылы жүзеге асырылады. Бұл орталық өзеннен су алудан бастап, оны тазарту және тұтынушыларға жеткізуге дейінгі барлық кезеңді тәулік бойы үздіксіз бақылап отырады. Сондай-ақ мұнда заманауи мониторинг жүйелері, су шығынын бақылау құралдары және бейнебақылау кешені орнатылған.
«Су үлкен мәселе еді, енді оны шешіп жатыр. Өткенде жаңбырдан кейін су болмай қалып, су таситын көлікпен қамтамасыз етті. Бүгіннен бастап тұрақты су болады деді. Электр мәселесі де шешілді. Жалпы, әр мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Күзге дейін бәрі жөнделеді дейді, соған қуанып отырмыз», – деді қоғам белсендісі Әріп Қабланов.
Айта кету керек, аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Таужолы, Тастыбұлақ, Таусамалы, Ақжар және Шұғыла шағын аудандарының, сондай-ақ Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс және Қырғауылды ауылдарының тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қала әкімінің айтуынша, жаңа стансаның пайдалануға берілуі Алматының сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам.
Диана Тұрлыбек, Влад Иващенко, Ялкунжан Әшімжанов, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 885 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды