Алдағы уақытта тағы 885 отбасы баспаналы болады
Алматыда 885 отбасы пәтер кілтін алды. Ал жыл соңына дейін тұрғын үйге мұқтаж 11 мыңнан астам азамат баспанамен қамтылады. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды қоныс иелеріне кілт табыстау рәсімінде мәлімдеді. Шаһар басшысы тұрғындарды жаңа баспанасымен құттықтап, үймен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыда жүздеген отбасының көптен күткен арманы орындалды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мен «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова алғашқы қоныс иелеріне пәтер кілтін табыстады. Алдағы уақытта тағы 885 отбасы баспаналы болады. Қала басшысының айтуынша, тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын жақсартуды мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын, яғни шын мәнінде мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі басты назарымызда. Осы саясатты жүзеге асыру аясында биыл қаламызда 11 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жаңа пәтердің кілтін қолына алған тұрғындардың қуанышы ерекше. Бірі қуаныштан көзіне жас алса, енді бірі туған-туысын құшақтап, көптен күткен шаңырағының алдында естелікке суретке түсті.
«Кезекте тұрғаныма сегіз жылдан асты. Аллаға шүкір, бірінші Аллаға, сосын мемлекетімізге рақмет. Осындай пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл – көп адамның қуанышы. Тіпті қолы жетпей жүрген арманы десек те болады. Бүгін – көптен күткен қоныс тойымыз», – деді қала тұрғыны Балауса Еркінбекқызы.
Айта кетейік, Алматыда тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Нәтижесінде 8250 азамат жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 1298 адам жеңілдетілген несие арқылы жаңа баспаналарына қол жеткізеді. Ал «Алматы жастары» бағдарламасы аясында кемінде 1650 жас маман үйлі болады.
Мәди Мәлік, Адель Ақжаркенова, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуды жеделдетуді тапсырды