Алматыда 2,5 мыңнан астам бала қала сыртындағы жазғы лагерьде тегін демалып жүр

09.07.2026 19:14

Мегаполистегі 294 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағдарламаларымен қамтылған

Алматыда әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 2,5 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерде жазғы демалысын өткізіп жатыр. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бұдан бөлек, мегаполистегі 294 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағдарламаларымен қамтылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жетім және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 527 миллион теңге бөлінген. Қазір осы санаттағы 96 бала Алматы облысындағы «Тау-Жаңашар» балаларды сауықтыру орталығында тынығып жатыр.

«Тау-Жаңашар» балаларды сауықтыру орталығы Алматы облысындағы Түрген шатқалында орналасқан. Төрт жарым гектар аумақты алып жатқан кешенде бүгінде еліміздің 18 өңірінен келген 300 бала демалып жүр. Олардың қатарында Алматы қаласынан тегін жолдамамен келген әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 96 жеткіншек те бар.

Орталық басшылығының айтуынша, мұнда балалардың көшбасшылық қасиетін дамытуға бағытталған халықаралық «Артек» әдістемесі қолданылады.

«Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – балаларға бос уақытын тиімді пайдалануды үйрету. Таңертеңнен кешкі сағат 23:00-ге дейін әр баланың әр минуты жоспарланған. Оның барлығы пайдалы іске бағытталған. Үйірмелер мен балалардың тұлғалық дамуына арналған тренингтер өткізіледі. Біз мұның барлығын кәсіби деңгейде жүзеге асырып отырмыз», – деді «Тау-Жаңашар» балалар демалыс орталығының директоры Мира Құдабаева.

Жазғы маусымда «Тау-Жаңашар» балаларды сауықтыру орталығы жеті ауысымда 2 100 жеткіншекті қабылдайды. Мұнда балалардың қабілетін шыңдап, өмірлік дағдыларын дамытуға арналған 12 үйірме жұмыс істейді. Орталықтың басты ерекшелігі – демалушылар уақытын гаджетсіз өткізеді. Ал дастарқанға қойылатын сүт, ет және нан өнімдерінің басым бөлігі орталықтың өз шаруашылығында өндіріледі.

«Бұл лагерьдің 15 жылдан астам тарихы бар. Мен өзім де кезінде осы жерде бала болып демалғанмын. Жеті-сегіз рет келіп, демалыс өткіздім. Қазір "Тау-Жаңашар" лагерінде тәлімгер болып жұмыс істеймін. Біз балаларды достыққа, адалдыққа, бір-бірін сыйлауға және құрметтеуге тәрбиелейміз», – деді «Тау-Жаңашар» балаларды сауықтыру орталығының тәлімгері Арсен Мырзаханов.

«Табиғаты өте әдемі, ауасы таза. Мұндай орта адамға жақсы көңіл күй сыйлап, денсаулығын нығайтады. Бұл жер маған өте ұнайды», – деді демалушы Ақжарқын Мұхтар.

Айта кетейік, «Тау-Жаңашар» балаларды сауықтыру орталығында соңғы 15 жылда 17 мыңнан астам бала тыныққан. Ал биыл Алматыда 294 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылған.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Павлодарда құтқарушылар өрттің тұрғын үйге таралуына жол берілмеді