Бұл мәлімдемені ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шаһар халқымен кездесуінде жария етті
Алматы қаласы 100 пайыз газбен қамтылды. Нәтижесінде 2 миллионға жуық адам көгілдір отынды пайдаланып отыр. Бұл мәлімдемені ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шаһар халқымен кездесуінде жария етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 272 жанар-жағармай құю бекеті бар. Ал ондағы сұйық отын қорына қатысты көрсеткіш бүгінде 100 пайызды құрады. Шаһарда АИ-92 маркалы бензинінің – 23,15, АИ-95-тің – 7,26, дизельдік отынның – 12,94 мың тонна қоры бар. Осылай деген министр жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және баға шегін сақтау жұмысы тұрақты бақылауда болатынын да айтты. Ал сұйытылған мұнай газына қатысты шекті баға биыл жазда бекітілген.
"Өңдеуші кәсіпорындар үшін ең жоғары көтерме баға тоннасына 45 158 теңге, ал Алматы қаласында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 89 теңге", – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Министр 2023 жылы қалада 118 мың тонна сұйытылған мұнай газы тұтынылғанын, ал биыл 9 айда көрсеткіш шамамен 131 мың тоннаға жақындағанын да сөз етті. Сондай-ақ осы жылы газ қондырғысы орнатылған автокөліктер саны 661 мыңға жетіп, былтырғымен салыстырғанда 12 пайызға өсіпті. Ал министр есебінен соң, тұрғындар толғандырған сұрақтарына жауап алды.
"Атом стансасының құрылысы қазір қай деңгейде? Консорциумға мүше болатын 5 ел анықталып жатыр ма? Қаржы көлемі қандай болады? Мемлекеттен қаржы тартылмайды дедіңіздер, ол қаржы көзі қай жақтан алынады?" – деді қала тұрғыны.
"Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытай елдері конкурсқа қатысып жатыр. Қазір арнайы комиссия құрылды. Олар жобаның құны, құрылыстың басталып, аяқталар уақыты жайлы, қолданылатын технологиялар турасында зерттеу жүргізіп, тарифтер және вендор болатын елдің АЭС құрылысына қатысты халықаралық консорциумға қатысуы жайындағы сұрақтарға жауап іздеп жатыр. Шешім шыққаннан соң біз сіздерді хабардар етеміз", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министр қазір жедел әрі нақты шешім қабылдау үшін іс атқарылып жатқанын жеткізді. Және келесі жылдың басында конкурс жеңімпазы анықталатынын айтты. Жиында Алматының екінші жылу электр орталығын 2026 жылы толық газға көшіру жоспарланғаны, нәтижесінде нысаннан бөлінетін зиянды заттың мөлшері жылына 37,3-тен 2,7 мың тоннаға дейін төмендейтіні сөз болды.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Алматы метросында ұялы байланыс пен интернет орнатылды