Алматыда 50 жастан асқан өнерпаздар арасында қалалық байқау басталды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Әр қатысушы немесе шығармашылық ұжым байқауға бір өнер нөмірін ұсынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы қолдауымен 50 жастан асқан әуесқой өнерпаздар арасында «Алматыны аяла!» қалалық өнер байқауы өтеді. Байқаудың басты мақсаты – аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуетін қолдау, өнерін насихаттау және олардың қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау, деп хабарлайды Almaty.tv

Жоба аясында қатысушылар ән, күй және би өнеріндегі шеберлігін танытып қана қоймай, шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Байқауға Алматы қаласында тұратын 50 жастан асқан әуесқой өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қатыса алады. 

Қатысушылар үш бағыт бойынша өнер көрсетеді:

•    Ән (вокал) – эстрадалық, халықтық және академиялық вокал. Байқауға жеке орындаушылар, дуэттер, триолар және шағын шығармашылық топтар қатыса алады.
•    Күй (аспаптық өнер) – жеке орындаушылар мен аспаптық ансамбльдер. Домбыра және өзге де музыкалық аспаптарда орындалатын шығармалар қабылданады.
•    Би (хореография) – халық биі, қазақ биі, халықтық-стильденген және заманауи би бағыттары.

Әр қатысушы немесе шығармашылық ұжым байқауға бір өнер нөмірін ұсынады. Орындау ұзақтығы 5 минуттан аспауы тиіс. Қажет болған жағдайда сахналық уақыт техникалық мүмкіндіктерге байланысты ұйымдастырушылар тарапынан нақтылануы мүмкін.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 3-15 қыркүйек аралығында Алматы қаласының 8 ауданында өтеді. Аудандық кезеңде қатысушылар белгіленген талаптарға сәйкес өнер көрсетеді. Әр ауданның мәдениет бөлімдері іріктеу кезеңін ұйымдастырып, жеңімпаздарды байқаудың финалдық кезеңіне жолдайды.

Екінші кезеңге аудандық іріктеу турларының жеңімпаздары қатысады. Екінші кезең 2026 жылдың 18 қыркүйек күні «Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында өтеді.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Жүлде қоры:

•    I орын – 1 жеңімпазға 3 млн теңге;
•    II орын – 1 жеңімпазға 2 млн теңге;
•    III орын – 1 жеңімпазға 1 млн теңге;
•    Ынталандыру сыйлықтары – 5 жеңімпазға 300 мың теңгеден.

«Алматыны аяла!» байқауы аға буын өкілдерінің шығармашылық белсенділігін арттыруға, олардың өнердегі мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Жоба арқылы халық шығармашылығын дәріптеу, ұлттық және мәдени дәстүрлерді сақтау, сондай-ақ оларды заманауи сахна талаптарымен ұштастыру көзделеді.

Байқауға қатысу талаптары мен Ережесімен төмендегі сілтеме арқылы танысуға болады.

Оқи отырыңыз: Биыл күзде Алматыдан мыңнан астам азамат әскерге аттанады