Мамандар нысандарды аралап, атқарылған жұмыстың сапасын, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалу деңгейін тексерді
Алматыда қыркүйекке дейін 100 мыңнан аса тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін 60 шақырымдық инженерлік және кәріз желілері толық жаңартудан өтеді. Бүгінде жұмыстың 70%-ы аяқталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қарасты департамент өкілдері қоғамдық мониторинг аясында тозығы жеткен құбырларды ауыстыру ісімен танысып қайтты. Инженерлік желілерді жаңғыртуға «Алматы су» мекемесінен 14 миллиард теңге бөлінгені белгілі. Бұл жұмыстардан бөлек, бірнеше нысанда таза су резервуарларының құрылысы, сорғы жабдықтарын ауыстыру жүргізіліп жатыр.
«Мыңбаева көшесінде тұрмыз. Осы учаскеде 4,5 шақырым құбыр Әуезов, Бостандық және Алмалы ауданының 50 мың тұрғынын сумен қамтамасыз етеді. Құбырлар 1971 жылы іске қосылған. Тозығы 90%-дан асып кетті. 5-6 жылдың ішінде 38 апаттық жағдай тіркелген. Биыл 14 миллиард теңгеге су және кәріз құбырларын ауыстыруға жоспарланған. Қазір жұмыстың 70% аяқталды», – деді «Алматы су» МКК ресми өкілі Серік Шағыров.
Мамандар нысандарды аралап, атқарылған жұмыстың сапасын, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалу деңгейін тексерді. Сондай-ақ мердігерлердің кестеге сәйкес жасаған жұмысына баға берді.
«Мониторингті жүргізгеннен кейін қоғамдық ұйымдар, мүдделі тұлғалар анықтама қорытындысын береді. Іс-шараның қалай орындалып жатқанын көріп, тексереміз. Құжаттарын қабылдап аламыз», – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ардақ Жаңабаева.
Оқи отырыңыз: Алматыда интерактивті аймақтары бар заманауи балалар кітапханасы ашылады