Жауаптылардың сөзінше, жоба туризмді дамытуға бағытталған.
Алматыда алғашқы гастрономиялық көше ашылды. Жаяу жүргіншілер аймағы, веложол, кеңейтілген тротуарлар, жазғы алаң мен көгалдандырылған аумақ біріктірілген кеңістік Масанчи көшесінің Сәтбаевтан Абай даңғылына дейінгі бөлігінде орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Маңындағы ғимараттардың қасбеті жаңартылып, ерекше кейіпке енген. Енді тұрғындар мен шаһар қонақтары мұнда тек тамақтанып қоймай, серуендеп, демалып, түрлі мәдени іс-шараларға қатыса алады. Жауаптылардың сөзінше, жоба туризмді дамытуға бағытталған.
Бұған дейін Масанчи көшесінің келбеті мүлде бөлек еді. Ескі ғимараттар, тозған инфрақұрылым көзге түсетін. Ал бүгін кішкентай ғана көшенің ажары айтарлықтай өзгерген. Мұнда жүргіншілер жолы, кеңейтілген тротуарлар, көгалдандырылған аумақтар, веложол пайда болды. Маңындағы ғимараттар "қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты бойынша жаңартылып, ерекше кейіпке енген. Жаңа кеңістіктің басты ерекшелігі – гастрономия. Яғни, мұнда негізінен кафе мен мейрамханалар болмақ.
"Мұнда 26 ресторан, тамақтану орыны ашылып отыр. Мұндай көшелер халықаралық практикада бар. Барлық коммерцияның 60 пайыздан кем емесі кафе-ресторан, тамақтану орындарына беріліп, 40 пайызы басқа да жаңағы тұрғындардың, келушілердің қолайлылығына арналған болатын болса, гастро көше болып аталады", - деді Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбекова.
Мейрамханалардан бөлек музыка, қала мәдениеті мен жергілікті тарихқа басымдық берілген. Мәселен, көшеде әйгілі "Дос-Мұқасан" ансамблінің шығармашылығына қатысты арт-нысандар да пайда болмақ.
"Дос-Мұқасан" ансамблін ескердік. Топ мүшелері осы маңда орналасқан Қазақ политехникалық институтында студент болған. Сондықтан кеңістікте ансамбльдің шығармашылығына қатысты арт-нысан бой көтермек", - деді Алматы "ӘКК" урбанистика және қалалық даму департаментінің директоры Тахмина Сафоева.
Жаңарған көшенің алғашқы қонақтары да жаңа кеңістікті жылы қабылдады. Әсіресе, бұрыннан Масанчиді білетін тұрғындар үшін өзгеріс бірден байқалады. Олар көшенің жаңа кейпімен қатар, бұрыннан бар жасыл желек пен өзіндік атмосфераның сақталғанын атап өтті.
"Масанчи көшесін студент кезден білеміз. Осы жерде Тұран университетінде оқығанмын. Бұл жерде көше әдемі болмаса да, өзіндік атмосферасы сезілетін. Жаяу жүргіншілерге, жалпы, студенттерге, қала тұрғындарына күшті жағдай жасалып жатыр. Өте әдемі, атмосферасын сақтап қалған. Ағаштарды, жасыл алаңқайды сақтап қалғаны қуантып тұр", - қала тұрғыны Жұмагүл Маратханқызы.
"Бірінші күн ашылса да, отырып, демалып, гүлдерге, әдемі ағаштарға қарап рахаттанып, демалып отырмыз. Рахмет! Алматы көркейіп жатыр, қуаныштымыз", - деді қала тұрғыны Бақыт Әлиева.
"Туристер, жай тұрғындар үшін өте мықты проект шыққан. Осы жерден өзіміз орын алдық, қолдау білдіргені үшін алғыс айтамыз!" - деді кәсіпкер Дидар Алтынбай.
Жоба пилоттық режимде қала әкімінің бастамасымен қолға алынып, жүзеге асқан. Егер бастама нәтижесін көрсетсе, гастрономиялық көшелер тек Масанчимен шектелмейді. Алдағы уақытта бұл формат өзге көшелердің де өзгеруіне ықпал етуі мүмкін.
Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматыда жас ауыр атлеттер арасында ел чемпионаты өтіп жатыр