Науқан аясындағы іс-шараларға 500 мыңнан астам адам қатысты
Алматыда Наурыз мерекесіне орай «Nauryz Sale» ауқымды мерекелік акциясы өтті. 2026 жылы 13–23 наурыз аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мегаполистің ірі сауда орындарында 10%-дан 30%-ға дейінгі жеңілдікпен азық-түлік пен түрлі тауарларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Науқан аясындағы іс-шараларға 500 мыңнан астам адам қатысып, мыңдаған алматылық пен қала қонағы қамтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бастамаға ірі сауда желілері, сондай-ақ Алматыдағы жетекші сауда ойын-сауық орталықтары қосылды.
Науқан отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы дамытуға және ел бойынша мерекелік көңіл күй қалыптастыруға бағытталған республикалық бағдарлама аясында жүзеге асырылды.
Ақпараттық сүйемелдеу шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 50-ден астам жарияланым шығып, сауда нысандарындағы 35 LED-экранда акцияға қатысты материалдар көрсетілді.
«Nauryz Sale» акциясы тұтынушылық белсенділіктің артуына ықпал етті: азық-түлік сегментінде тауар айналымы 10–15%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде 7–8%-ға өсті.
Акция қала тұрғындары тарапынан оң бағасын алды. Алматылықтар жеңілдіктің тиімділігін атап өтіп, мерекеге дайындық кезінде айтарлықтай үнемдеу мүмкіндігі болғанын жеткізді. Сондай-ақ мұндай бастамаларды жиі өткізуге қызығушылық білдірді.
Сауда ойын-сауық орталықтарында ұйымдастырылған мәдени-ойын-сауық бағдарламалар мерекелік атмосфераны одан әрі жандандыра түсті. Қонақтар тақырыптық жәрмеңкелерге, концерттерге, ұлттық фотоаймақтарға, интерактивті алаңдарға және шебер сабақтарына қатысып, балалар мен ересектерге арналған түрлі ойын-сауықтарға тартылды. Негізгі іс-шаралар 20–23 наурыз аралығында өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Наурыз мейрамы: Абай алаңы мерекелік көңіл күйдің басты орталығы болып қала береді