Алматыда ауыр жүк көліктері бақылауға алынады

09.10.2025 17:11

Қаладағы асфальт бар болғаны 8 тоннаға дейінгі салмаққа төтеп береді, артығына шыдамайды

Алматыда шамадан тыс ауыр жүк тиеп, тас жолды тас-талқан ететін ауыр жүк көліктері қатаң бақылауға алынбақ. Көптен бері түйіні тарқамаған мәселені мықтап қолға алған қалалық мәслихат депутаттары аталған темір тұлпарларға қатысты талапты күшейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жолдағы артық жүктеме – Алматыдағы қордаланған түйткілдердің бірі. Мәселені жүйелі түрде шешуді қолға алған қала билігі мен мәслихат депутаттары көлік ағынының көп болуы кептеліс тудырып қана қоймай, тас жолдардың сапасына әсер ететінін айтты. Солардың ішінде белгіленген нормадан асырып, тонналап жүк тиеп алатын ауыр жүк көліктерінің мәселесі өзекті болып тұр

Олардың айтуынша, талапты сақтамай, белгіленбеген көшелерде емін-еркін қатынай береді. Салдарынан жол жабыны мерзімінен бұрын тозып, тас-талқаны шығады. Ал қаладағы асфальт бар болғаны 8 тоннаға дейінгі салмаққа төтеп береді, артығына шыдамайды. Сондықтан депутаттар алдағы уақытта арнайы топ құрып, заңды елемеген жүргізушілерді анықтау мақсатында рейдтік жұмыстар жүргізбек.

«Біз қала аумағында жол полициясы, көлікті бақылау инспекциясымен, сондай-ақ жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасымен бірлесе отырып, жұмысты күшейтіп жатырмыз. Алдағы уақытта рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, тәртіпті бұзған жүргізушілер мен заңды тұлғаларды анықтаймыз. Ережені елемегені үшін оларға әкімшілік айыппұл салынады. Мәселе өте өзекті, оны кешенді түрде шешу қажет», – деді Мәслихаттың бейінді комиссиясының төрағасы Садир Хамраев.

Депутаттардың сөзінше, жүк таситын транспорттар жол сапасына әсер етіп қана қоймай, экологияны да ластайды. Егер, салмағы 3,5 тоннадан асатын ауыр көліктерге шектеу енгізілсе, ауаны ластайтын шығарындыларды 6 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ халық қалаулылары бүгінде қалада тек бір жылжымалы өлшеу стансасы жұмыс істейтінін алға тартты. Сондықтан, алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, көлік басқармасын жүктің салмағын анықтайтын құрылғылармен қамтамасыз ету қажет. Бақылау жүргізетін заманауи технология енгізу де ұсынылды. Ал бұл датчиктер заңбұзушыларды автоматты түрде тіркеп отырады.

 «Астана қаласында Алматыға қарағанда құрылыс өте көп. Көшпенділер ойыны болды, ЛРТ салынып жатыр. Соған қарамастан ол жақта салмақ жағынан талаптарды сақтайды. Таразы мен автоматтандырылған жүйе жұмысты жеңілдетеді. Тексеретін адам болса да, болмаса да машиналар бақылауда болады», – деді Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев.

Бүгінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеулер тек үш магистральде енгізілген. Тиісті талап — Әл-Фараби, Достық және Назарбаев даңғылдарында ғана қолданылады. Депутаттар «келешекте мұндай аймақтарды кеңейтіп, бақылау тиімділігін арттыру үшін ережеге өзгерістер енгізу қажет» дейді Осы мақсатта комиссия мүшелері жаңа заңнаманың тетіктерін жетілдіре түсуді көздеп отыр.

Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматыда тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін автотұрақтар ретке келтіріледі