Енді мұндай жоғары мамандандырылған оталар барлық өңірден келетін балаларға жасалады
Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында алғаш рет арнайы ЛОР-хирургиялық операциялар жасала бастады. Енді мұндай жоғары мамандандырылған оталар Қазақстанның барлық өңірінен келетін балаларға тұрақты түрде жоспарлы негізде жүргізіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алғашқы оталардың бірі — мұрын қалқасындағы тесікті жабу және бір мезгілде септопластика жасау бойынша реконструктивтік ота болды. Балаға мұрын ішіндегі ақауды жою үшін эндоназальды әдіспен ота жасалды. Бұл гормоналды мұрын спрейлерін ұзақ уақыт қолдану салдарынан пайда болған.
Ота жасауға мұрынмен тыныс алудың қиындауы, мұрын қуысында қабыршақтардың пайда болуы, ара-тұра қан кету және сыртқы мұрын пішінінің өзгеруі себеп болған.
Шамамен екі сағатқа созылған ота сәтті өтті. Дәрігерлердің айтуынша, науқас отадан кейін жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық күйде.
Жаңа ЛОР-хирургия бағытының іске қосылуы еліміздің әр өңірінен келген балаларға жоғары мамандандырылған көмекті басқа орталықтарға жүгінбей-ақ, Алматыда алуына мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан тағы бір спорт түрінен әлем чемпионатын өткізеді