Алматыда бас шыршаның шамы жағылды

20.12.2024 19:13

Мерекелік іс-шара қаланың 8 ауданында бірдей өтіп жатыр

Алматыда бір мезетте 80 жаңа жылдық шыршаның шамы жағылып, бұл мерекелік маусымның символдық басталуын көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Абай алаңында Алматының басты жаңа жылдық шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. Оның биіктігі 25 метр. Биыл мегаполис шыршасы алғаш рет классикалық стильде жасалып, қаңқалы емес, табиғи діңді болды. Шыршаны безендіру үшін алты метр гирлянда, түрлі-түсті шарлар мен жаңа жылдық ойыншықтар қолданылған.

Рәсімге ауа райы ертегідей ерекше атмосфера сыйлады: жаңа жылдық арудың айналасын сиқырлы қар қоршап тұрды, ал мамықтай аппақ қар ұлпалары мегаполистің басты шыршасын безендіріп тұрды.

8 мыңнан астам алматылық пен мегаполис қонақтары қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен керемет шоуды тамашалады.

«Мен жас орындаушыларды қолдап, құттықтау үшін келдім. Шырша өте әдемі, бәрі тамаша ұйымдастырылған. Концерт те керемет өтті, ал қарлы ауа райы нағыз жаңажылдық көңіл-күй сыйлады», – деді мегаполис тұрғыны Сергей Дмитриевич.

Концерттік бағдарламаны «BS band» үрмелі оркестрі ашып, жаңажылдық әуендерден попурри орындады. Роза Рымбаеваның сахнаға шығуы ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Халық әртісі «Снег идет» және «Жұлдызды жаңа жыл» әндерін орындап, кешті жылулық пен жағымды эмоцияға толтырды.

Бүгін алматылықтар мен қала қонақтарына жаңажылдық көңіл-күйді Назым Әбілдина, Мәди Рымбаев, Динара және Балжан Бидаш сыйлады. Әсіресе жастар «ALPHA» тобы, Dakelot, «ASTRA» тобы, Малика YES және Adil өнерін асыға күтті.

«Мен Жаңа жылды қатты жақсы көремін. Мұндай шаралар бақыт сыйлайды. Мұндай керемет мерекені ұйымдастырған әкімдікке алғысым шексіз. Жауған қар да ерекше атмосфера сыйлап, бәрі өте ертегідей болды», – деді Алматы тұрғыны.

Turar-дың «Жаңа жыл» әнімен қаладағы алғашқы жаңажылдық концерт аяқталып, көрермендерге мереке алдындағы керемет көңіл-күй сыйлады.

Ертегідегідей атмосфераны күймедегі Күлбике, Зімбір адам, бұғылар және басқа да кейіпкерлер бейнеленген көркем безендіру элементтері, жарқыраған фотоаймақтар мен жарық инсталляциялары толықтырды.

Айта кетейік, қаладағы барлық ауданда шырша жағу рәсімдері концерттер мен әртүрлі шаралармен бірге ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ бүгін Абай алаңында басты жаңа жылдық жәрмеңке ашылды. Ол 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін жұмыс істеп, тұрғындар мен қонақтарға кәдесыйлар, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен мерекелік әшекейлер ұсынады.

Оқи отырыңыз: Елордада 30-дан астам шырша орнатылды