Елордада 30-дан астам шырша орнатылды

Астана әкімдігі қаланы жаңа жылдық безендіруге 700 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана әкімдігі қаланы жаңа жылдық безендіруге 700 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана қаласы жаңа жылды қарсы алуға тас түйін дайын. Бас қаланы безендіру қарашаның ортасында басталып, қазір жұмыс толығымен аяқталды. Елордадағы бас шыршаны қоса алғанда, алты ауданда жаңа жылдық атрибут жарқырап жанып тұр.

"Концертке міндетті түрде барамыз", – деді қала тұрғыны.

"Балалар баратын жерлерге қыдырамыз. Сырғанап, демалып қайтамыз", – деді қала тұрғыны.

Қалада мерекені жоғары деңгейде өткізу үшін түрлі шаралар қолға алынған. Елордалықтар үшін мұз айдындары, слайдтар, шағын архитектуралық нысандар, фотоаймақтар жұмыс істейді. Қаланың 6 ауданында уақытты көңілді өткізуге арналған 60-қа тарта орын ашылған. Олар тек мереке кезінде ғана емес, қыс бойы жұмыс істейді.

"Көшелерді жаңа жылдық безендіру үшін былтырғы гирляндалардың, қондырғылардың және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылды. Қысқы демалысқа арналған бірқатар алаң арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық нысандармен және жарық қондырғыларымен безендірілді. Аюдың, қасқырдың, аққаланың мүсіндері бар. Сонымен қатар егер келуші өз конькиін алып келсе, сырғанақ пен мұз айдындарына кіру тегін", – деді Сарыарқа ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әділ Мұхамеджанов.

Елордада бас-аяғы 30-дан астам шырша орнатылған. Биіктігі 25 метр болатын бас шырша Астана аренаның алдында тұр. Оның шамын жағу рәсіміне жүздеген қала тұрғындары келген. Басты шыршаға 2,5 мыңнан астам ойыншық ілінген.

Астана билігі елорданы безендіруге 696 миллион 700 мың теңге жұмсады. Оның ішінде,  Нұра ауданына 79 миллион теңге, Сарыарқа ауданына 110, Алматы мен Сарайшыққа 165, Байқоңыр ауданына 160 миллион теңгеге жуық ақша кеткен. Есіл ауданына 183 миллион 900 мың теңге жұмсалған.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: 2024 жыл Қазақстан үшін қандай болды

Новости партнеров