Аталған салаларды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылады
Алматы қаласының 2025 жылға арналған бюджеті бекітілді. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бөлінген қаражаттың 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соның аясында оқу орындарының тапшылығын төмендету, денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылады.
Мәселен, 344 мың оқушыны қамтитын 216 мектеп, 12 интернат, 20 колледждің қызметін қаржыландыруға 248 млрд теңге қаражат қарастырылған.
"Президенттің тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 1300 мектепті реновация жасап, жаңғырту жобасы аясында Алматыда 31 мектеп осы реновациядан өтетін болады. Бұл 2025-2026-2027 жылдарға арналған. Сол 31 мектептің ішінде 20-ына қосымша ғимарат қосып немесе 1960-70 жылдары салынған екіқабатты мектептерді сүріп тастап, орнына заманға сай мектеп салу жоспарланып отыр", - деді білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Сондай-ақ мәслихат отырысында медицина саласын дамытып, оның инфрақұрылымын жаңғыртуға келер жылы бюджеттен 50,7 млрд теңге қарастырылғаны туралы айтылды. Оның жартысына жуығы технологиялық жабдықтарды жаңартуға, ал шамамен 10 миллиард теңге 4 мың науқасты тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етуге бағытталады. Сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының 10-ы күрделі жөндеуден өтеді.
"Көпсалалы ауруханалар, 3 емхана салынады. Мәслихат депутаттары алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бірыңғай стандартын мақұлдаған болатын. Соның аясында 18 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді. 8-і биыл аяқталса, келер жылы 10 нысандағы жұмысты аяқтау жоспарланған", - деді Денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту жөніндегі комиссияның төрағасы Жандос Нәдіров.
Оқи отырыңыз: Алматыда келер жылы қандай жолайрықтардың құрылысы аяқталып, қай көшелер ұзартылады